Мойынқұм таңы

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу: қоғам дамуының басты шарты

0 15

Сыбайлас жемқорлық – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Ол мемлекеттік басқаруға, экономикалық өсімге және қоғамның моральдық құндылықтарына тікелей ықпал етеді. Жемқорлықтың кең таралуы азаматтардың билікке деген сенімін әлсіретіп, әлеуметтік әділеттілікті бұзады. Сондықтан оны тек жазалау арқылы емес, кешенді түрде алдын алу – мемлекет пен қоғам үшін стратегиялық маңызды міндет.

Сыбайлас жемқорлық – жеке мүддені көздей отырып, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану. Ол пара беру және алу, қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекеттік сатып алулардағы заң бұзушылықтар, туыстық байланыстар арқылы кадрларды тағайындау сияқты түрлі нысандарда көрініс табады.

Жемқорлықтың негізгі салдары:

  • мемлекеттік бюджеттің тиімсіз жұмсалуы;
  • бизнес пен инвестициялық ортаның әлсіреуі;
  • әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі;
  • жастардың әділдікке деген сенімінің жоғалуы;
  • ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер.

Парақорлықтың алдын алу тек заңмен шектелмей, бүкіл қоғамның ортақ әрекетін қажет етеді. Осы тұста халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы жоғары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар ауданымызда да кешенді түрде жүргізіліп келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында әзірленген баннерлік өнімдер қоғамдық орындарға орнатылған болса, аудан орталығындағы ЛЭД экран арқылы сыбайлас жемқорлық қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы бейнероликтер тұрғындар назарына тұрақты түрде жеткізіліп келеді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық профилактикасы мәселелері бойынша арнайы медиа-план әзірленіп, бөлінісінде  «Мойынқұм таңы» газетінде және аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында аудан әкімдігіне қарасты мекеме басшыларының мақалалары жарық көруде.

Барлық елді мекендердің қоғамдық орындарында, мекемелердің кіреберіс және ішкі көрнекі орындарында орналастырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Call-орталығы (1424) туралы жадынамалар жаңартылды.

Жергілікті әкімдіктердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмысы – бұл тек насихаттау жұмыстары емес, сапалы қызмет көрсету, қоғаммен үздіксіз диалог және қызметкерлерді адалдыққа тәрбиелеу процессі.

Осы орайда, әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қызмет алушыларға сапалы әрі мерзімінде көрсетілуі бақылауға алынған болса, менің және ауыл, ауылдық округ әкімдерінің халықпен кездесулері тұрақты негізде өткізіліп келеді. Мемлекеттік қызметкерлерді адалдыққа тәрбиелеу, олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында әдеп жөніндегі уәкілдің мемлекеттік қызметкерлермен кездесулері тоқсан сайын ұйымдастырылып, әдеп жөніндегі кодекс нормаларын, заң талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру іс-шаралары жүргізіліп отырады.

Аталған жұмыстар жылдар бойы жалғаса беретін, үздіксіз процеске айналған сыбайлас жемқорлықпен күрестің жүйесі болып табылады және ол қоғамның өзгеруімен жыл сайын жетілдіріле бермек.

                                                                Е.Карентаев,

Мойынқұм ауданы әкімі.