Мойынқұм таңы

Табиғат аясындағы демалыс

0 22

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін мерекелеуді республикалық «Салық тәртібі» газетінің үлкен шығармашылық ұжымы сенбі күні Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы «Тауқымыз» демалыс орталығында қорытындылады.
Биыл республикадағы алғашқы тәуелсіз басылымдардың бірі саналатын «Салық тәртібі» газетінің жарыққа шыққанына 30 жыл толды. Басылымның алған асуы, жеткен жетістігі туралы әңгіме бөлек.

Былтыр Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиадада редакция командалар арасында екінші орын алған «Салық тәртібі» газетінің командасы биыл тағы да 12 команданың арасында жүлделі екінші орынды иеленді.
Саламатты өмір салтын берік ұстанатын әріптестер демалыс орнында бас­сейнде жүзіп, дойбы ойнады, доп қуды.

Алты қанат ақбоз үйде дәм татып, тараздық өнерпаз жігіттердің өнерін тамашалады. Шығармашылық ұжымның барлық мүшесіне мерекелік ақшалай сыйлық тапсырылды.

Бір-біріне ізгі тілегін арнаған әріптестер «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын алған «Салық тәртібі» газетінің жанынан шығатын Жамбыл облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Иембердиевті, «Мойынқұм таңы», «Меркі тынысы», «Талас тынысы» газеттерінің директоры Олжас Иенбергенді «Шапағат» медалімен марапатталуымен және басқа да түрлі марапатқа ие болған әріптестерін құттықтады. Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов аталық ақ батасын берді.

Шығармашылық ұжымды ынтымақ-бірлікке бастайтын бастамалардың бастауында тұрған «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы, белгілі менеджер-журналист Ғалым Қасабайға әріптестері ризашылығын жеткізіп, алғыстарын жаудырды.