Мойынқұм таңы

Тапсырма орындалуымен құнды

0 23

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегеновтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары Ержан Әмірханов, Мейірхан Төлеулиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұргелді Қазақбайұлы және аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысты.

Аппараттық кеңес басталмас бұрын алдымен мемлекеттік Әнұран орындалып, аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Орынбетұлы кеңеске қатысушыларды 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздер күнімен құттықтады. Сондай-ақ Қарабөгет ауылдық округі әкімі лауазымына тағайындалған Бағдат Сатыбалдиевті қызметімен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Жиынның күн тәртібінде қаралған баспасөз басылымдарына жазылу жұмыс­тарының орындалуы бойынша аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева баяндап, аудандық пошта торабының ағымдағы жылдың 4 -маусым күнгі мәліметі бойынша республикалық және облыстық газет -журналдардың 11 түрінен 551 дана, яғни 11%-ға ғана орындалғанын жеткізді. Ал аудандық «Мойынқұм таңы» газетіне 25%-ға ғана жазылғанын айтты.
Жиын барысында жергілікті газетке жа­зылушы оқырмандар санын арттыру керегі ескертіліп, басылым беделі оқыр­манымен бағаланатындықтан, басылым қызметкерлері үшін маңызды екені айтылды. Соның ішінде ауданымыздың айнасы «Мойынқұм таңы» газетіне жазылмаған ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берілді.

Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарының барысы бойынша жеңілдеткен санаттарға жататын сақтандырылмаған азаматтар, оның ішінде студенттер 18, зейнеткерлер 5, мүгедектігі бар 3 азаматтардың тізімдері жасақталып, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалына аудан бойынша сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту мақсатында жолданғанын хабардар етті. Аудан бойынша сақтандырылмаған аза­маттар ішінен Мойынқұм -1, Ұланбел ауылдық округінде -2, барлығы 3 қайтыс болғаны азаматтар анықталғанын, сондай-ақ «қайтыс болғаны туралы анықтамасын» округ әкіміне сот арқылы алынатынын туыстарына ескертілгенін жеткізді.

Мойынқұм аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс бөлімше бастығы Н.Усербаев: «2024 жылға көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы қорғаныс істері жө­ніндегі департаментінен келіп түскен көктемгі мерзімді әскерге шақыру бойынша жасағы-65 болса, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бойынша бүгінгі таңға 34 әскери шақырылушы шекара қызметіне аттанды. Мойынқұм ауданы бойынша ауыл, кент округтерінің әкімдері мен учаскелік полиция қызметкерлері бірлесіп, берілген тапсырманы орындалуына өз тарапыңыздан ықпал етуіңізді сұраймын» деді. Ал ауыл және ауылдық округтер бойынша берешек көлік салығының орындалуы туралы аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Таңат Әділбаев баяндаса, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысы бойынша аудан көлемінде егін шаруашылығымен айналысатын азаматтармен «Кең дала» бағ­дарламасы аясында несие алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін, алайда, шаруа иелері несие алуға ниетті еместіктерін және несиенің талабына сәйкес, кепілге қоятын мүліктің болмау салдарынан бас тартқанын хабарлады. Егістік алқаптарға келісімшартқа отыру жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 3,8 мың гектар жерге келісімшарт жасауы қажет болса, алайда 5 ауылдық округ бойынша 1022,9 гектар жерге келісімшарт жасалғанын айтты.

Жиынды қорытындылаған аудан әкі­мінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегенов қаралған мәселелер бойынша берілген тапсырманы уақытында орындамаған ауыл, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.