Жақында аудан орталығында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалықты жанына серік еткен мойынқұмдықтар санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екі айлығы мен Мемлекет басшысының 8 сәуір -11 мамыр аралығындағы 5 апталық республикалық экологиялық акциясына білек сыбана белсене атсалысты. Орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасындағы қоқыстар тап-тұйнақтай тазартылып, ауыл ажары ашыла түскендей.
Дүйсенбі күні «Таза өлке» деп аталған алғашқы апталыққа орай 16 ауылдық округте тазалық жұмыстары жүргізіліп, ауыл тұрғындары күнделікті ауыл іші мен сыртындағы күл қоқыстарды шығарып, өртеді.
«Киелі өлке» тақырыбымен аталған екінші аптада 16 ауылдық округтегі 24 елді мекеннің аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер айналасына тазарту жұмыстары жүргізілді.
Мойынқұм ауданында жалпы тазалық жұмыстарына 10 техника, 35 мекеме ұжымы және ауыл тұрғындары мен ауыл жастарын қосқанда барлығы 1000-ға жуық адам қатысып, бүгінгі таңға дейін 7 тонна күл-қоқыс шығарылды. Акция аясында барлық ауылда «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күніне» орай аудан бойынша 410 түп ағаш отырғызылды. Акцияның үшінші аптасы аудан орталығындағы «Жасыл белдеуге» жастар мен спортшылардың ұйымдастыруымен ағаш егу акциясы өтті. Акция барысында жаңадан отау құрған жастар терек ағашын отырғызып, өз үлестерін қосты. Сондай-ақ осы іс-шараға аудандық АХАЖ бөлімінің басшысы Еңлік Қалымбетова да арнайы қатысып, жас жұбайларға неке туралы куәлігін табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков ақ батасын беріп, жастарға бақытты ғұмыр тіледі.