Мойынқұм таңы

«Таза Қазақстан» – Таза табиғат, Таза қоғам!

0 6

Сенбі күні ауданда жалпы респуб­ликалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Таңертеңнен бастап аудан орталығы мен ауылдық округтерде тазалық жұмыстары қызу жүрді. Көшелер мен сая­­бақтар, арықтар мен қоғамдық орын­дар тазартылып, күл-қоқыстан арылды. Табиғатқа жанашырлық танытқан тұрғын­дар өз қолымен туған жерін көркейтуге кірісті.

Бұл игі іске аудан тұрғындары, әкімдікке қарасты мекемелердің қызметкерлері, белсенді жастар мен еріктілер үлкен жауапкершілікпен қатысты. Әркім өз ауласын, өз көшесін тазалауға үлес қосып, қоршаған ортаға қамқорлықтың ең жарқын мысалын көрсетті.

Солардың бірі – Мойынқұм ауылындағы А.Байтұрсынов көшесінің тұрғындары. Бұл көшеде үлкен де, кіші де бірге шығып, өздері тұратын ортаны ретке келтірді. Балалар да шет қалған жоқ. 7-8 сынып оқушылары Нұрасыл мен Иманғали біздің редакцияға сұхбат беріп, былай деді:

«Біз өз үйіміздің маңын ғана емес, бүкіл ауылды таза ұстағымыз келеді. Себебі таза ортада өмір сүру – бәрімізге жағымды. Әр адам өз ауласын тазаласа, ауылымыз да, ауданымыз да көркейеді. Біз мұндай сенбіліктерге жиі қатысамыз, өйткені та­биғатты қорғау – біздің парызымыз».

Мұндай игі шаралар туған жерге деген сүйіспеншіліктің, бірліктің және келер ұрпаққа таза, көрікті орта қалдыруға деген ұмтылыстың айқын көрінісі. Тазалық – мәдениеттің бастауы, ал «Таза Қазақстан» сияқты бастамалар – елдің экологиялық санасын оятудың нақты қадамы.