Республика күні – рухымызды көтеріп, егемен елдің еңсесін тіктейтін сәт. Бұл уақытта өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Өйткені егемендік – ел үшін жанын берген ерлердің ерлігімен келген ұлы күн. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс.Айтулы мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Туған елім, мекенім – Қазақстан» атты мерекелік салтанатты жиын өтті. Жиынға аудан басшысы Ермек Карентаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты. Аудандық мәдениет үйінің фойесі мерекеге орай әсем безендіріліп, кітап, қолөнер көрмелері ұйымдастырылды.
Жиында ҚР мемлекеттік Туы кіргізіліп, мемлекеттік Гимн орындалды.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы құттықтау сөзімен ашып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып, өңірдің дамуына үлес қосқаны үшін және ұлттық мерекеге орай «Облысқа сіңірген еңбегі» үшін медалін «Көркем» шаруа қожалығының жетекшісі, «Alem Tabys» ауыл шаруашылығы кооперативі төрағасының орынбасары Әлімхан Бұзаубаевқа табыс етті. «Мойынқұм аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық қызметкерлерінің біріккен жергілікті кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Бәкен Бейсебаев, «Мойынқұм су-жылу» кәсіпорнының экскаватор жүргізушісі Мақсат Таңатов Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болса, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Мадомаров, «Мойынқұм таңы» газеті редакциясының бас редакторы Елдос Ерғабылұлы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан кейін сахнаға «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстауға мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов шақырылды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Сайын Жұмабаев, Жұлдыз Байманасова, Сәрсен Ибраев, Базарбай Көшенов, Мақпал Мұқашева, Пернебай Рысымбетов, Ғани Садырбаевтарға Мойынқұм ауданы мәслихатының 2024 жылғы 15 қазандағы №29-3 шешімімен «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Мұнан соң еңбек ардагерлері Данагүл Дүйсембаева, Қайсархан Дүзенов, Ақбақай ауылы әкімі аппаратының бас маманы Бақыткүл Әділбековалар аудан әкімінің «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталды. «Экологиялық орталық» білім беру мекемесінің директоры Мархат Ерғазыұлы, «Мойынқұм су-жылу» кәсіпорнының апаттық жағдайдағы жұмысшысы Манас Окишев, аудан әкімі аппаратының мұрағатшысы Ақмарал Сатаева, аудандық мемлекеттік архивтің архивисті Гаухар Зарипова, «Құлыншақ» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі Гүлнара Әбделдинова, аудандық орталық аурухананың эндокринолог дәрігері Сабира Тайжанова, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебі директорының орынбасары Алуа Баймбетовалар аудан әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Бұдан бөлек бірқатар азаматтар мен азаматшаларға аудан әкімі Ермек Амангелдіұлының Алғыс хаты мен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Ұзақұлының марапаттары табысталды.
Салтанатты жиын әрмен қарай мерекелік концертке ұласты. Думанды кеште К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әртістері, мойынқұмдық сахна саңлақтары жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.