Мойынқұм таңы

Түйіні шешілмеген мәселелер жайы сөз болды

0 12

Осы аптада аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаевтың төрағалығымен аудан әкімі аппаратының кезекті отырысы өтті.

Отырысқа аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты. Отырыстың күн тәртібіне бірнеше мәселелер ұсы­нылды.
Аудан әкімі ауданымыздың жарты­жылдық қорытындысы бойынша жұмыс­тардың жүйелі, бірақ шешілмеген мәсе­лелердің барын айтты.

Ағымдағы жылдың бірінші жарты­жылдығына арналған әлеуметтік-эконо­микалық даму көрсеткіштері мен ауылдық округтері әкімдерінің есебі тыңдалған аппараттық кеңес өтті. Кеңес барысында ауданның түрлі салаларындағы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, алдағы жұмыс бағыты нақтыланды.
Экономикада өсім бар, алайда құрылыс саласы ақсап тұр. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Кеншімовтің мәліметінше, өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалады. Алайда, инвестиция тарту мен құрылыс жұмыстарының көлемі жоспарға жетпей қалған. Нақты айтқанда, құрылыс көлемі екі еседен астам төмендеген. Е.Кеншімов аудан әкімінен осы саладағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды сұрады.

Мемлекеттік рәміздер – ұлт абы­ройының айнасы. Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Алимов­тың айтуынша, аудан аумағында мемлекеттік рәміздерге қатысты зерделеу жұмыстары жүргізілген. Бірқатар ауылдық округтерде Ту мен Елтаңбаның стандартқа сай еместігі анықталғанымен, көпшілігі ескерту бойынша тез арада түзетілген. Мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу – заңмен жауапкершілікке тартылатыны да айтылды.

Ауылдарда инфрақұрылым жақсарып келеді. Қарабөгет және Ұланбел ауылдық округтерінің әкімдері аппараттық кеңесте есеп беріп, ағымдағы жұмыстар туралы баяндады. Қарабөгет ауылында жаңа мектеп салынған, кіреберіс көпірдің құрылысы басталып, көше жарықтары орнатылған. Ұланбел ауылында да көшелер жарықтандырылып, су жүйелері жақсарған. Дегенмен, тұрғындар байланыс сапасының төмендігін және жол жөндеу мәселелерін жиі көтереді.

«Мейірім» жобасы – балаларға қам­қорлықтың нақты көрінісі. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы тұрақты жалғасуда. Қазіргі таңда 16 бала қамқоршылықта болса, олардың 15-іне депозиттік шот ашылған. Бес жыл ішінде балалар шотына 1 млн. 255 мың теңге жиналған.

Ауылшаруашылығы мен орман қорын­дағы жұмыстары бойынша шегіртке мен зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілген. Ұланбел орманшылығында да өрт қауіпсіздігі және орман қорын қорғау жұмыстары жүйеленген.

Жиын соңында аудан әкімі Ермек Карентаев бірқатар тапсырмалар бе­ріп, әсіресе құрылысты жандандыру, инвестиция тарту бағытында жұмыстарды күшейтуді талап етті. Ауданның жарты­жылдық қорытындысы жалпы оң нә­тижелер көрсеткенімен, шешімін күтетін өзекті мәселелер де бар екені көрінді.