Полиция қызметкерлері үшін ауданымыздың тыныштығын күзету, олардың басты міндеті. Осыған байланысты жасөспірімдермен жасалатын қылмыстардың, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандық білім бөлімі, Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерімен бірлесіп, түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілді. Аталған рейд жұмыстары «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында өтті.
Мобильді топ өкілдері алдымен тәртіп бойынша кешкі сағат сегіз жарымда, аудандық орталық алаңда нұсқаулықтар өткізіп, әр әкімшілік аймаққа бөлінді.
Іс-шара аясында жастар көп жиналатын компьютерлік клубтар мен ойын-сауық орындары және дүкендерді аралай отырып, түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілінсіз кіргізбеу керектігін ескертіп, оларға мүлдем темекі бұйымдарымен спирттік ішімдіктерді сатуға болмайтындығы жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша хаттамалар толтырылды.
Түнгі рейдтің мақсаты – жалпы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу және адам өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық секілді қылмыстарға жол бермеу болып табылады.