Мойынқұм таңы

Тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда

0 14

Өткен 2024 жылы ауданымызда халықтың әлеуметтік осал топтарын, соның ішінде көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 230,1 млн. теңге бөлініп, 12 пәтер сатып алынып, мұқтаж отбасыларға табысталған болатын.

Аталған бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын тапты. Республикалық бюджеттен бөлінген 137,3 млн. теңгеге 10 пәтер сатып алу көзделуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта өтетін облыстық сессияда тағы 10 пәтер сатып алуға қосымша қаржы бөлу мәселесі қаралуда.

Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Амангелді көшесі бойындағы 6 қосқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған жұмыстарды іске асыру үшін «Мойынқұм су-жылу» коммуналдық кәсіп­­орнымен келісімшарт жасалып, қос­қабатты үйлердің шатырлары толықтай ауыстырылды, сондай-ақ ғимараттардың сыртын қаптау жұмыстары жоғары дең­гейде орындалды.

Қазіргі таңда осы үйлердің аулаларын абаттандыру және асфальттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар тұр­ғындардың тұрмыстық жайлылығын арттырумен қатар, ауданның жалпы инфрақұрылымын жаңғыртуға және көркін келтіруге оң ықпал етеді.

Ауданымызда алдағы уақытта да тұрғын үй мәселесін шешу, әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау және елді мекендердің көркеюіне бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.