Мойынқұм таңы

Тұрғындардың талап-тілегі орындалуда

0 20

Ауданның инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Ауданда тұрғын үй қорын көбейту мен ауыл келбетін жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Бұл жаңарту шаралары халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жақында аудан орталығы Мойынқұм ауылында көппәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, осы үйлердің шатырларын толық ауыстыру, сыртын жаңарту, аулаларға автотұрақтар мен балалар ойын алаңдарын салу жоспарға енгізілген.

Бұл – тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің шешімін табуы. Бұған дейін аталған үйлердің тұрғындары бірнеше мәрте шатырдан су өтетінін айтып, шағымдарын білдірген еді. Осы мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, ең алдымен шатырларды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Бұл бастама тұрғындар тарапынан оң қабылданып отыр.

Сонымен қатар, аудан әкімі Ермек Кәрентаев Мойынқұм ауылына кіре­берістегі үйлердің қоршауларын жаңарту жұмыстарымен де танысты. Қа­зіргі таңда бұл аймақта заманауи «еуроқоршаулар» орнатылуда. Мұндай қор­шаулар ауыл­дың эстетикалық келбетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Болашақта бұл үлгідегі қоршаулар бас­ты көшелердің бойына да қойылатын болады.

Аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы халықпен тығыз байланыста жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтіп:

– Халықтың күнделікті тұрмысын жақсарту – басты мақсатымыз. Тұрғын үйлердің сапасы мен ауылдың келбеті – тұрғындарға көрсетілген құрмет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жалғастырамыз, — деді аудан әкімі.
Аудан бүгінде жаңару мен өркен­деудің нақты жолына түсті. Халықтың сұранысы ескеріліп, әрбір бастама тұрғындардың тұрмыс сапасын жақ­сартуға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл игі істер өз жалғасын таппақ.