10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күніне орай аудан әкімдігінде сала мамандарына арналған салтанатты қабылдау өтті. Ауданның ветеринария саласының дамуына айрықша үлес қосып жүрген бірқатар мамандар аудан басшысының алғысына, марапаттары мен құрметке ие болды.
Қабылдауды ашқан аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев ветеринария саласының маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы адал еңбек пен жауапкершіліктің қоғам үшін аса құнды екенін атап өтті.
— «Мал шаруашылығы – біздің ауданның негізгі тірек салаларының бірі. Оның өркендеуі тікелей ветеринария мамандарының қажырлы еңбегіне байланысты. Төрт түліктің амандығы, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі – сіздердің иықтарыңыздағы үлкен жауапкершілік. Осы салаға адал еңбек етіп жүрген барлық мамандарға алғысымды білдіремін», – деді аудан басшысы.
Салтанатты қабылдау барысында ветеринария саласында еңбек етіп келе жатқан Шайдахмет Ляйля Ғабитқызы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар бірқатар сала мамандарына аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, еңбектері жоғары бағаланды.
Аталған іс-шара – тек кәсіби мереке ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарып жүрген мамандарға көрсетілген шынайы құрметтің белгісі.
Мойынқұм ауданында ветеринария саласы мал ауруларының алдын алу, екпе егу, санитарлық қауіпсіздік пен ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту бағытында аянбай қызмет етіп келеді.