Мойынқұм таңы

Ұлт болашағына алаңдаған ел анасы ауданда болды

0 29

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында Мойынқұм ауданына аялдап, әкімдік қызметкерлерімен, зиялы қауыммен және шаруа қожалықтарының иелерімен жүздесті. Аудандық әкімдікте аудан басшысы Карентаев Ермек Амангелдіұлы қадірменді қонаққа туған жеріне атбасын бұрғанына алғыс айтып, алғы сөз сөйледі. Жиында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков өңірдегі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, мем­бағдарламалар бойынша шаруа қожалықтарына және кооперативтерге қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы мәлімдеді.

2019-2023 жылдар аралығында Мойынқұм ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасына 8-ауылдық округ енгізіліп, 2,4 млрд.теңге инвестиция кірген. (Кеңес, Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл. Қылышбай және Қарабөгет)

Бірінші бағыт бойынша, яғни «Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану» аясында 133 гектар жерден өнім алу үшін 72,9 млн. теңгеге АШӨК-і қаржыландырылып, бақша дақылдары егіліп, өнім алынды.

«Мал шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша 403 отбасы 1,9 млрд. теңгеге 5035 бас мал сатып алынып, ет-сүт өнімдерін өндіру бойынша жұмыстарын жүргізуде.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңадан құрылған 8 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне «Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану» мақсатында 411,5 млн. теңгеге 57 дана жаңа техникамен қосалқы техникалары тапсырылып, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылық кооперативінің мүшелері саны – 139 адам.

«Ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашу» бағыты аясында бір азамат 6,6 млн. теңгеге наубайхана ашып ауыл тұрғындарының алғысын алуда.

Ауылдық округтер бөлінісінде ай­татын болсақ:

2019 жылы Кеңес ауылдық округі Айдарлы ауылы пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Жобаға 139 аула катысып 382,0 млн.теңгеге 1718 бас мал сатып алынса, АШӨК-не «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бағыты бойынша 10,7 млн.теңге, «Ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану» үшін 24,0 млн. теңге ай­налым қаражаты берілді.

Жоба аясында аталған ауылдық округте «Айдарлы Агро» АШӨК құрылып, 78,9 млн.теңгеге 12 дана ауылшаруашылық техникасын сатып алған болатын.
Биназар ауылдық округі аталған жобаға 2022 жылы енгізілді. «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бағыты бойынша және «Ауыл сыр­тындағы жерлерді тиімді пай­да­лану» үшін АШК-і 15,8 млн.теңгеге қаржы­ландырылса, 67 аула «Мал шаруа­шылығын» дамыту бағытында 226,0 млн.теңгеге қаржыландырылып, 1508 бас сатып алып, арнайы базаға енгізілді.

«Кооперативтерді техникамен жаб­­­дықтау» бағыты бойынша 61,8млн. теңге 15 дана ауылшаруашылық тех­никаларын сатып алып, ауыл игілігіне пайдалануда және де «Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу» бойынша 1 азаматша 6,6 млн. теңгеге қаржыландырылып, наубайханасын іске асты.

2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданымыздан бірден 6 ауыл­дық округ енгізілген болатын. Олар Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтері.

Бірлік ауылдық округінен аталған жо­ба аясында құрылған «Байбарақ Агро» АШӨК 20,0 млн.теңгеге қаржыландырылды және 120,0 млн. теңгеге 3-дана трактор және қосалқы техникалары алынды.

Қосымша 67 азамат «Мал шаруа­шылығы бағыты бойынша» 340,2 млн.теңгеге қаржыландырылып, 874 бас мал сатып алды.

Қызылтал ауылдық округінде аталған жоба аясында «Көкжелек Агро» АШӨК құрылды. АШӨК 20,4 млн. теңгеге 2 дана трактор, 3 дана қосалқы техникасы алынып тіркелді. 51 азамат 240,8 млн.теңгеге «Мал шаруашылығы бағытында» қаржыландырылып, 743 мал сатып алды.

Қызылотау ауылдық округінен аталған жоба аясында «Күшаман Агро» құрылды. АШӨК 29,6 млн.теңгеге 2 дана трактор, 3 дана қосалқы техникасы алынып тіркелсе, 23 азамат 94,6 млн.теңгеге «Мал шаруашылығы бағыты бойынша» қаржыландырылып, 289 мал басы сатып алды.

Аталған ауылдық округтерден бөлек 2023 жылдың қыркүйек-қазан айларында Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтері жобаға енгізілді:

Жамбыл ауылдық округінен 42 құжат өткізіліп, өтініш берушілер 242,6 млн.теңгеге қаржыландырылып, 633 мал басын сатып алды.

Одан бөлек жоба аясында құрылған «Тұлпар» АШК 17,2 млн.теңгеге 2 дана трактор алды.

Қылышбай ауылдық округінен 24 азамат 133,6 млн.теңгеге қаржы­лан­дырылып, 466 мал басын сатып алды. АШК–і айналым қаражатына 18,2 млн.теңге, 19,2 млн.теңгеге 2 дана трактор, 5 дана қосалқы ауыл шаруашылығы техникаларын алды.

Қарабөгет ауылдық округінен 35 азамат 204,0 млн.теңгеге қаржылан­ды­рылып, 654 бас мал сатып алып, АШК-і 29,6 млн.теңгеге 2 дана трактор, 3 дана қосалқы техника тіркеліп, жұмыстарын жүргізуде.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5-бағыт, яғни «Кәсіпкерлікті да­мыту» бағыты аясында 4 құжат өткізіліп, Жиһаз жасау бойынша 1 азамат 8,5 млн.теңгеге қаржыландырылды, – деді бөлім басшысы.

Мұнан кейін сөз алған Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауыл шаруа­шылығы кооперативтерін және ау­мақтарды дамыту, микроқаржыландыру бөлімінің басшысы Бақыт Сейтімбетова мойынқұмдықтар алдында, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған және алдағы атқарылатын жұмыстарға кең көлемде тоқталды. Мысал ретінде облыста ауылшаруашылық қызметінің әртүрлі түрлерімен айналысатын 363 кооператив жұмыс істейді, оның ішінде 32-і көпжылдық шөптер мен дақылдарды өсірумен, 97-і мал шаруашылығы, 234-і егін және мал шаруашылығы. Олардың ішінде 577 жеке кәсіпкер және шаруа қожалықтары барын айтты.

Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы елімізде 7 мыңға жуық ауыл барын айтып, солардың даму жолында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай үлес қосатыны, балалар тәрбиесі, үлкенге ізеттілік жайында сөз қозғады. Қазіргі таңда бала тәрбиесінде өкінішті жайттардың орын алып жатқанын да жасырмады. Атап айтатын болсақ, қазақи тәрбиедегі әке рөлінің төмендеп кеткені екенін баса айтты. Осыдан сәл ертеректе «әкең келе жатыр», «әкеңе айтам», «әкең біліп қоймасын» деген сөздердің қадірі жоғалғанын, оған себеп – зорлық-зомбылыққа қатысты заңның күшіне енуі болуы ықтималдығын да атап өтті.

Ата-бабадан келе жатқан ұлттық тәрбие қазақ халқының негізгі тәрбие беру формуласы болса ғана келешек ұрпақтың тәрбиесі оңды болатыны, тәрбие беру ісінде сырт елдерден алған үлгілер халқымыздың менталитетімен үйлесім таба бермейді деген ойын ашық білдірді.

– «Бұл сапарымда негізінен ауылдық жерлерде «Ауыл аманаты» аясында атқарылып жатқан істермен танысу үшін келдім. «Ауыл аманатының» аясына не кіреді? Ол тек кәсіп ашып, мал өсіру ғана емес. Ауыл аманаты дегеніміз – ел аманаты, ұрпақ аманаты. Мен бармаған ауыл, мен бармаған елдімекен жоқ. Ауыл – ел болашағы. Болашағы жоқ ауыл деген сөзді естігенде жүрегім ауырады. Алғаш бастағанда 7,5 мың ауыл бар еді, қазір 6780 ауыл қалды. Ауыл жойылып бара жатыр. Ауыл жойылды деген сөз – қазақ жойылды деген сөз. Себебі біздің түп тамырымыз, қазынамыз берекеміз – ауылда. Президентіміз өзінің бірінші сайлауалды бағдарламасында ауыл туралы айтып, ұлықтау рәсімінен кейін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойғаны, осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Бүгінде Үкімет «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырып жатыр. Жақында газетімізде Премьер-министрдің кеңесшісі, қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға Ералы Тоғжановпен «Ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін кез келді» тақырыбындағы сұхбаты жарияланды. Шынында, ауыл мәселесін сөзбен емес, іспен шешетін уақыт келді», – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Мұқанбетқұл Сабыров атамыз жерлесіміз Сәуле апайға алғыс білдіріп, қоғамда смартфонның әсері жайлы айтып, әке мен бала, ана мен қыз ортасында, жалпы отбасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында жасалу керек дүниелер жайлы ұсыныстарын айтты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев білім беру саласы, бала тәрбиесі жөнінде сөз қозғап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауданның бас ұстазы қазіргі қоғамдағы ата-аналардың немесе үшінші жақтан айтылатын сындарды білім саласына қатысы жоқ азаматтардан айтылып жатқанын және ол сындардың кейбірі жұмыс жүргізу кезінде қолбайлау болып жататынын айтып өтті.

Жиын соңында естелік суреттерге түсіп, экспедициялық топ Бірлік және Айдарлы ауылдарына атбасын бұрды.

Сәуле Мешітбаева бастаған топ Бірлік ауылында аудандағы 8 кооперативтің бірі «Байбарақ Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне барып, ондағы жұмысты өз көздерімен көрді. Кейін тағы мал бордақылау ісін дөңгелетіп отырған шаруа қожалық иелері өз өнімдерін көрсетті. Мойынқұм ауданындағы экспе­диция Бірлік ауылдық клубындағы тұр­ғын­дармен кездесу жиынына жалғасты. Кездесуде Мұратхан Иманалиев, Дәндібай Молдабаев, Жанаткүл Байқоңырова, Лида Бірімқұлова сынды бірліктіктерден ауылдағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің жөндеу жұмысының сапасы, ондағы спорт залының еден төсенішінің дұрыс еместігі, ауыз су мен егін суының тапшылығы, «Қазпошта» қызметінің нашарлығы – қазақ баспасөзінің ең басты «артқа тартары» болып тұрғаны туралы айтып, Сәуле анамыздың туған жерге келіп, өзекті мәселелерді қозғап жатқанына алғыстарын білдірсе, аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов мектеп балаларын еңбекке араластыруды, оның ішінде көктемгі күзгі дала жұмыс­тарынан тәжірибеден өткізуді мектеп бағдарламасына қосса деген ұсынысын білдірді.
Келесі аялдама Кеңес ауылдық ок­ругінің аймағында орналасқан Ерік Білдебаевтың «Ақ отау» шаруақожалығы болды. Ел анасы қожалық иесімен тіл­десіп, шаруашылықтың тыныс-тірші­лі­гінің жағдайын білді.

Шаруаның айтуынша сол кезде пи­лоттық жоба ретінде басталған «Ауыл аманаты» жобасының шаруашылықтың дамуына шарапаты тиіпті. Жоба бойын­ша 3 ағайынды жігіттің алған 10,5 миллион теңгесі қазіргі таңда 2 үйір жылқы, 15-тен аса мүйізді ірі қара малы болып көбейген екен. Алдағы жылдың қаңтарында соңғы төлем төленген соң, «Ауыл аманаты» бағдарламасы Айдарлы ауылына қайта жүргізілсе деген тілегін білдірді.

Өз кезегінде Ел анасы – Сәуле ана еңбекқор азаматтардың жұмыстарына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Ел анасы ауданның азаматтарына төркіндеп келген анамызға тартуы, сыйлығы – ұлт тәрбиесіне оң нәтиже беретін істерін өзі басқарып отырған халықаралық баспасөзге ұсынса, және ауданда осы басылымның оқырмандары көбеюі болса деген тілегін аудан тұрғындарына кеңінен таратылуын сұранды. Демек аудан азаматтары анамыз басқарып отырған халықаралық «Qazaqstan dàuiri» газеті мен респуб­ликалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналына жазылу арқылы қолдау көрсетіп, сонымен қатар жібермей оқып, оқып қана қоймай кері байланыс орнатуда белсенділік танытайық.