Тамыз кеңесі – білім саласындағы жетістіктермен қатар кемшін тұстарды да таразылайтын дәстүрлі жиын. Осы аптада ауданның білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы тамыз педагогикалық кеңесі өтті.
Басқосуда білім саласындағы жетістіктер сараланып, өзекті тақырыптардың түйіні тарқатылды. Кеңеске барлық деңгейдегі білім саласының басшылары мен бірқатар педагогтар қатысты.
Педагогикалық тамыз кеңесін аудандық білім білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев ашып, аудандағы білім саласының жетістіктері мен түйінді мәселелерін жиналғандар назарына ұсынды.
Келесі кезекте аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізіп, бірқатар білім саласының мамандарына түрлі марапаттар табыс етті.
Атап айтқанда, Абай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәулеш Дүйсембетова Ермаханқызы Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрінің «Еңбек ардагері» медалімен, Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлнаш Балықбаева мен № 1 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Забира Шаңқозова «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, Шығанақ орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Забида Боранбаева, осы білім ордасының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанат Майшекеев «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ләйлә Жылқыбаева Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар Ақбақай негізгі мектебінің директоры Мадина Оразалиева мен Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің директоры Шарбат Сарышөкенқызы ауданға сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталды.
Айта кету керек, облыстық «Үздік ауыл мектебі» номинациясы бойынша Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебіне 1000000 теңге көлемінде сертификаты арнайы табыс етілді.
Келесі кезекте аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов та ұстаздарды жаңа оқу жылының қарсаңындағы педагогтардың басты жиынында құттықтау сөз сөйлеп сала қызметкерлерін марапаттады.
Жиын соңында аудандық білім бөлімінің басшысы білім саласындағы елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етті.