Мойынқұм таңы

Заң мен тәртіп – әділетті қоғам

0 10

Аудандық Мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп – Әділетті қоғам» тақырыбында аудандық ардагерлер форумы болды.

Жиынға атқарушы, өкілді билік басшылары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, белсенді ардагерлер, ұстаздар және аудан орталығындағы білім ордаларының жоғары сынып оқушылары қатысты. Ардагерлер форумын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков кіріспе сөзбен ашты. Форумға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудан прокуроры Талғат Оспанов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Көпбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Амановтар қатысып, сөз сөйледі. Сөйлеушілер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттердің маңыздылығына тоқталып, «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғамда қалыптастыру бағытында атқарылуы тиісті шаруалар жайлы айтты.

Форумның қорытындысында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов сөз сөйледі. Ол атқарушы билік және құқық қорғау органдары ардагерлер ұйымдарының белсенділігіне арқа сүйей отырып жұмысты одан әрі жандандыру керектігіне тоқталды. Тәрбие – табалдырықтан басталады. Біз бәріміз ата-әжеміз, әке-анамыз, сондықтан құқықтық тәрбиеде үлкендеріміз жоғары белсенділік танытуы керек. Бұл форумның басты мақсатының өзі осы, — деп атап көрсетті Ж.Миллионов.

Форумда жоғары сынып оқушылары тарапынан бірқатар қызықты, өзекті сұрақтар қойылды. Жасөспірімдердің сұрақтарына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудан прокуроры Талғат Оспанов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмас Көпбаев тыңғылықты, түсінікті тілмен жауап берді.