Жақында ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемов аудан тұрғындарымен және жастармен маңызды
кездесулер өткізді.
Сапар барысында аудандық мәдениет үйінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кең ауқымды жиын ұйымдастырылды. Жиынға аудан тұрғындары, жастар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиынды аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев ашып, облыстан келген қонақтарды таныстырып, ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы қазіргі таңда қоғамда алаңдатарлық мәселелердің бірі – жастар арасындағы суицид, лудомания, құқықбұзушылық сынды келеңсіз жағдайларға тоқталып, бұл бағытта қолға алынған шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ, ол ауданымыздағы қылмыс деңгейінің төмендегенін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында Жамбыл облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Тілләбекұлы Қалышев сөз сөйлеп, жастарға арналған бейнероликтерді назарға ұсынды. Оның айтуынша, жастармен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстардың маңызы зор, әрі бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.
Сонымен қатар, аудан прокурорының орынбасары Нұрлан Сәрсенбекұлы Ахаев та құқықтық тәрбие мен заң алдындағы жауапкершілік туралы ой қозғап, жастарға бағытталған бастамалар жайында сөз етті.
Кездесу барысында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Мәди Жәнібекұлы аудан көлемінде жастармен атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, жастар саясаты бағытындағы жобалармен таныстырды.
Сапар аясында Серік Жақсылықұлы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады. Ол №8 Мойынқұм колледжіне арнайы барып, білім беру саласындағы жаңалықтармен, оқу процесінің ұйымдастырылуымен танысты. Жастардың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлетінін айтқан ол, колледж ұжымына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудандық орталық ауруханасы мен Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы шағын орталықты орта мектебіне барды. Денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы инфрақұрылым мен қызмет сапасы да назардан тыс қалмады.
Облыс әкімінің орынбасары бұл сапарында ауданның әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау бағыттарындағы даму барысымен жан-жақты танысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Серік Жақсылықұлының бұл жұмыс сапары ауданның қоғамдық тұрақтылығын сақтау мен әлеуметтік дамуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.