Аудан орталығындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында «Жамбылдың жарық жұлдыздары» атты шығармашылық кеш өтті. Дарынды оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, поэзия мен көркем тілге деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында өткізілген іс-шараға мектеп-гимназия ұстаздары, оқушылары, ата-аналар, аудандық білім бөлімінің және БАҚ өкілі қатысты. Білім ордасының АКТ залы шығармашылық шараға сай безендірілген, аяқталуға жақын қалған оқу жылында оқушылар мен ұстаздардың еңбегінің арқасында олжалаған дипломдар мен алғыс хаттар тізілген қабырға мен кубоктар мен сертификаттар қойылған үстел беті бұл оқу жылының жемісті болғанын аңғартады.
Бұл жүлделердің барлығы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің ұстаздары Бейбіт Молдабаева, Сәуле Бекбосынова, Шолпан Қожамқұлова, Әлия Саурықова, Майра Омашева, Дамира Балхожаева, Ақбота Асылбековалардың үздіксіз еңбегінің нәтижесінде аудандық, облыстық «Абай оқулары», «Бауыржан оқулары», «Төлеген Айбергенов оқулары», «Шерхан оқулары» сынды бірнеше байқаулардың жеңімпаздары атанды.
Осы жетістіктерге жетуде үйде отырып тақымын қысқан ата-аналардың да еңбегі зор, тіпті осы балалардың шығармашылықпен айналысып, түрлі жарыстар мен іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беріп, қолдап отырған ата-аналардың арқасы деуге болады.
Кеш барысында осындай дарынды балаларға қолдау көрсетіп отырған бірқатар ата-аналар мектеп-гимназия әкімшілігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен кейін мектеп ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама көрермендердің көңілін серпілтті. Дарынды оқушылар ақындар шығармаларын мәнерлеп оқып, жас ақындар өз шығармашылығынан өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берсе, күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер өз өнерлерімен көрермендер көңілін көтерді.
Іс-шара барысында осы білім ордасының 6 «Ә» сынып оқушысы Жанасыл Жарылқасынның шығармаларының жинағы «Алау жыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың лентасын Жанасыл мен жетекшісі өнер және қосымша білім беру мектебінің ұстазы Айша Мумеева екеуі қиды.