Мойынқұм таңы

Жаңа әкім бірқатар нысандарды аралады

0 22

Өткен аптада аудан әкімі Ермек Карентаев аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы бір­қатар нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Аудан басшысымен бірге оның орынбасары Ержан Әмірханов пен округ әкімі Рүстем Тұрарқұл нысандарды аралады.

Ермек Амангелдіұлы алдымен Радай көпірі құрылысының басына барды. Онда аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев пен “ЖБИ-С” ЖШС өкілі құрылыс жұмыстарының жүргізілуі барысы және алдағы уақыттағы жоспарлары жайлы бастан аяқ түсіндіріп берді.
Аудан басшысы бастаған жұмысшы топ аудандық білім бөлімінің Аула клубына барды. Ол мекеменің қазіргі апатты жағдайы мен мекемені қалпына келтірудің жоспары туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев толыққанды мәлімет берді.

Келесі аялдама М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейде болды. Ол жақта да аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы мен осы мекеменің директоры Шыңғыс Жашаралин оқу ордасының жай-күйі мен қажеттіліктерін тізбектеп айтып берді. Олардың айтуынша бұл мектеп-лицейдің қазіргі таңдағы басты мәселесі ғимараттың сыйымдылығы екен. Алдағы уақытта мектеп-лицейдің аумағына жаңа ғимарат салу қарастырылып жатқанын да хабарлады.
Кезек аудандық мәдениет үйіне де келіп жетті. Мұнда аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев аудан басшысын ғимараттың ішімен таныстырып шықты.

Сонау кеңес одағынан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген ауданның ең көрікті ғимараттарының бірі мәдениет үйіне бүгінгі таңда күрделі жөндеу жүргізу керек, деп бөлім басшысы ғимараттың тозығы жеткен тұстарын атап көрсетті.
Келесі кезекте аудандық білім бөліміне қарасты «Құлыншақ» бөбекжай бақшасына барды. Бүгінгі таңда бұл бөбекжай бақшасының ғимаратының бір бөлігі қабырғаларының жарылуына байланысты апатты деп танылып, бір топ аудан орталығындағы «Балбөбек» бөбекжай бақшасына орналастырылған. Аудан басшысы мен аудандық білім бөлімінің басшысы бұл ғимаратты қалпына келтіру үшін нақты жұмыстар атқару керектігін айтып, Ермек Амангелдіұлы бөлім басшысына шұғыл орындалуы керек іс-шараларды ұйым­дастыруды тапсырды.
Осыдан кейін аудан басшысы жұмысшы топ аудандық білім бөлімінің «Балбөбек» бөбекжай бақшасына барды. Жайдар Саттарқұлұлы мен бөбекжай бақшасының меңгерушісі Фатима Сқақова аудан басшысына мекеменің ішін және сыртында орналасқан қазандықты таныстырып шықты. Бұл мекемеде айтар­лықтай қажеттіліктер байқалмады.

Содан соң жұмысшы топ аудандық білім бөліміне қарасты тағы бір мекеме, білім ордасы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясына барды. Онда да Жайдар Саттарқұлұлы мен мектеп-гимназия директоры Жаңыл Әшірімбетова ғимараттың жай-күйімен таныстырып шықты. Мұндағы мәселе мектеп- гимназияның спорт залының таршылық етуі. Болашақта ғимаратқа қосымша спорт зал салу көзделіп отыр екен.

Одан кейін аудандық полиция бөліміне барды. Аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбет аудан басшысы бастаған топты қарсы алып, мекеме ғимаратының жай-күйімен таныстырып шығып, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары керектігін жеткізді.
Жұмысшы топтың барған келесі нысаны Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі болды. Айта кету керек бұл білім ордасы “Қазақстан халқына” қоры арқылы 260 миллионға жуық қаржыға безендіріліп, оқу құралдары жаңартылған болатын. Осы игі істің нәтижесімен таныстырып шыққан Жайдар Саттарқұлұлы аудан басшысына бұл мектептің үздік ауыл мектебі атанып, 1 млн. теңге қаржылай ұтысқа ие болғанын мақтанышпен жеткізді. Аудан әкімі де мектептің заманауи үлгіде жаңартылғаны көңілінен шыққанын білдірді.

Содан соң жұмысшы топ Шу өзені бойына салынғалы жатқан су қондырғысының орнына барды. Ол жерде аудан әкімінің орынбасары Ержан Әлімханұлы атқарылатын жұмыстар жайында айтып өтіп, құрылыс жұмыстары жүретін нақты орынды көрсетті. Өз кезегінде аудан басшысы өзгертіліп жатқан құрылыс жобасын мердігермен бірге талқылау керектігін айтты.