Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан тарихындағы елеулі оқиға – Мойынқұм ауданының 60 жылдық мерейтойына орай және Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевтің тікелей қолдауымен 2025 жыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп жариялануына байланысты «Мойынқұм ауданының Құрметті азаматтары» атты жаңа кітаптің тұсаукесері өтті.
Альбом-кітаптің лентасын аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев пен ауданның Құрметті азаматы, ел жанашыры Сәбит Оразымбетов салтанатты түрде қиды.
Рухани мазмұны терең, тағылымы мол бұл жиында қасиетті Мойынқұм топырағынан түлеп ұшқан дара тұлғалар жайлы тың деректер мен мәліметтер топтастырылған жаңа кітап көпшілікке таныстырылды.
Кітаптің авторы – қоғам белсендісі, ауданның Құрметті азаматы Мұханбетқұл Сабыров. Ол өз сөзінде аудан тарихын ұлықтауға атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдіріп, жинақтың жарық көруіне қолдау көрсеткен аудан әкіміне, кітапхана ұжымына және шара қонақтарына кітабын тарту етті. Сонымен қатар, ол елге еңбегі сіңген тұлғаларды насихаттау – кейінгі ұрпаққа тағылым болатынын атап өтті.
Шара барысында аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудан жұртшылығын мерейлі белеспен құттықтады:
– Биыл қасиетті Мойынқұм ауданына 60 жыл толып отыр. Бұл – тарихы терең, табиғаты көркем, талай тарланды түлеткен өлкеміздің мерейлі мерекесі. Мерейтой – тек қуаныш емес, өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар жасайтын кезең.
Жамбыл облысында биыл рухани өмірге серпін берген маңызды бастама жүзеге асты. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевтің бастамасымен 2025 жыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп жарияланды. Бұл – жас ұрпақтың санасына рух, зердесіне нұр құятын, сөз өнерін сүйетін қауымға шабыт берген игі қадам.
Ата-бабалар аманатына адал болып, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген барша жерлестеріме алғысымды білдіремін! Береке-бірлігіміз нығайып, Мойынқұмымыз көркейе берсін! – деді аудан басшысы.
Іс-шараға арнайы шақырылған қадірлі меймандар мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар ауданның Құрметті азаматы Айман Зенәділова да ауданның 60 жылдығына арналған «Биназар ауылының тарихы» атты кітабының жарыққа шығу тарихымен бөлісіп, оқырман назарына ұсынды.
Іс-шара соңында аудан әкімі Ермек Карентаев Мұханбетқұл Сабыров пен Айман Зенәділоваға «Мойынқұм ауданына – 60 жыл» мерекелік төсбелгісін табыстап, құрмет көрсетті.