Өткен аптада аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Берікұлы Төлеулиевтің төрағалығымен ауданымыздың 60 жылдығына арналған кітаптың қолжазбасын талқылаған жиын өтті.
Жиынға Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанбетқұл Сабыров, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев, аудандық орталық кітапханасының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева және осы жолдардың авторы қатысты.
Жиында сөз алған кітапты шығарушы топтың мүшесі Мұқанбетқұл Сабыров кітапты шығару барысындағы жоспарлар, оны басып шығаруға кететін қаржы, көлемі жайында айтып берді.
Шығарушы топ мүшелері әлі де тың материалдар іздестіріп, оны жазуға бейім азаматтарға тапсырып жатқандарын сөз етті.
Жиын барысында «Мойынқұмдық мың тұлға» атты атаумен шығарылуы жоспарланып отырған кітапқа аудан тарихының әр кезеңдерінде дамуына үлес қосқан азаматтардың өмірбаянын беру, аудан тұрғындарының пікір қайшылықтарын тудыратындығы айтылып, кітап ауданның әлеуметтік-экономикалық даму кезеңдерін қамтығаны жөн деген ұстанымды басшылыққа алу керектігі сөз болды.