Мойынқұм таңы

Жаңа мешіт ашылды

0 24

Қарабөгет ауылындағы исі мұсылман қауым үшін ақ түйенің қарны жарылған айтулы оқиға – еңселі, ажарлы мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Ашылу салтанатының шымылдығы құран бағыштаумен ашылды. Кейін қонақтар мен ауылдық округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев құттықтау сөз сөйледі. Аудандық орталық мешіттің имамы Рысбай Еспенбетов ауылға имам болып келген Әрсен Құлтаевты жиналғандарға таныстырып, алдағы жауапты жұмысына береке тіледі.Сәулетімен ерекшеленген мешіт ауыл тұрғындарының бастамасымен басталып, халықтан жиналған қаражатқа 3 жыл көлемінде салынды. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың күзінде басталған болатын. Ұйымдастырушы топтың әңгімесінен ұққанымыз ең қиын шаруа мешіттің құжатын рәсімдеу болған көрінеді. Соның арқасында жаңа мешіт барлық заң нормаларына сәйкес, ҚМДБ-ның тіркеуіне енгізілген. Енді мұндағы оқылған намаз бен діни оқытулар тек қанафи мазһабында жүргізіліп, ҚМДБ-ның бақылауында болады. Ол дегеніміз ауыл тұрғындары мен қонақтары дінде адасудан алшақ болады дегеннің анық белгісі.

Мешіттің сапалы соғылғаны байқалып тұр. Шатыры күмбез іспеттес жабылған. Алланың жердегі үйі Қарабөгет ауылының көркін ашып-ақ тұр. Биік мұнарасы мешіт ғимаратын бөлек тұрғызылғаны да көзге оттай басылады.
Бұрын дүкен болған орынға мешіт салу туралы ой ортаға тасталғалы ауыл тұрғындары ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мешіт құрылысына шама-шарқынша қаражат жинап, әркім қолынан келген құрылысын бірге атқара отырып, құрылыстың аяқталуына барша ауыл тұрғындары себепкер болған.

Аз ғана тұрғыны бар ауылдың бұл құрылысты соңына дейін жеткізуі ауылдағы дінді ұстану деңгейінің жоғарылауының бірден бір көрінісі.

Ашылу салтанатына келушілер қарасы көп болды. Оның арасында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Жапек Ғалымбек, ауданның Төбе биі Жамбыл Қалыбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Шахикерім Исабеков, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудандық мәслихаттың де­путаттары Қанат Көшербаев пен Бекболат Өткелбаев, ауданның экс-әкімі, Қарабөгет ауылының тумасы Әлихан Балқыбековтер қатысты.
Мешіт құрылысы басталғаннан бері қаржылай, жұмыс күшімен көмек көрсетіп көзге түскен бірқатар азаматтар аудан әкімі, аудандық мәслихат және ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Атап өтер болсақ мешіттің сызбасын сызып, құрылыс жұмыстарына толықтай атсалысып, әр жиналған қаражатты тиімді меңгере білген Бағдат Мерекенов, Ғани Бадықов, Талғат Жазылбектер ауыл тұрғындарынан жи­налған қаржыдан әрқайсысы 200 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Мешіт соғу идеясы айтылғалы бір күн қалыс қалмай ақша салып отырған азаматтар болған, есімін атамауды қалаған бір азамат терезелерін салып берсе, тағы біреуі люстрасын алып берген. Мешіттің дыбыстық құрылғыларын бір азамат өз мойнына алған. Құрылыс жұмыстары кезінде ақы сұрамай жылы еденін жүргізген, кірпішін қалаған, тоқтарын жалғаған, ауыр техникамен қамтамасыз еткен жандар да табылған.

Ашылу салтанатының ресми лента қию рәсімі өткізіліп, жиналған жұрт су жаңа мешіттің ішін көруге асықты. Облыс орталығынан келген Жапек Ғалымбек жиналғандарға уағыз айтып, мешітте алғашқы жұма намазы оқылды.

Ауыл жанашыры Меделхан Мүслімқожа­ұлы өз қаражатына мешіт жанынан қатымхана салған, сонда жиналған жұртшылыққа ас берілді. Ауылдағы игі шараның ұйым­дас­тырылуы мен оның дүйім жұртқа хабарлануының арқасында мешіттің ашылу салтанатына ауылдың қазіргі және бұрынғы тұрғындарынан бөлек аудан бойынша және көршілес аудандардан бірқатар қонақтар келіп, жақсы бір жиын-тойдың куәсі болды. Астан кейін ауылдағы футбол алаңында аудандық мәдениет үйінің ұжымы концерттік шара ұйымдастырып, көрерменнің көңілін көтерді. Аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру орталығының жа­уапты маман­дары ұлттық спорт түрлерінен (қол күрес, арқан тартыс, кір тасын көтеру) сайыстар өткізіп, жеңімпаздар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Түс ауа ауыл сыртында 400 мың теңге салымы бар салма көкпар өткізіліп, аттылар өзара мықтыны анықтады. Ауыл белсенділері спорт түрінен жеңімпаз атанған мықтыларға қаржылай сый беріп, мойындарына медаль тақты.

Осылайша су жаңа мешіттің ашылуы тойға айналды. Қарабөгеттіктер мен қонақтар мешіттің сәулетіне тәнті болып, таңданыстарын жасырмады. Айтпақшы, ауыл тұрғындары имамға үй қарастырып, ай сайын айлығын төлеп тұруды да өз мойындарына алған.