Мойынқұм таңы

Жаңа оқу жылының дайындық барысы қаралды

0 10

Осы аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда жаңа оқу жылына дайындық, мәдени-көпшілік іс-шаралар, ұлттық ауыл шаруашылығы санағы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, санитарлық тазалық және бейнебақылау жүйелерінің жай-күйі сияқты өзекті тақырыптар қаралды.

Алдымен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыткүл Әжіғұлова 2025-2026 оқу жылына дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, жаңа оқу жылына мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде. Әсіресе, сыныптардың жабдықталуы, жаңа оқу құралдарының жеткізілуі және мұғалімдер құрамының дайындық деңгейі қатаң бақылауда тұр.

Кеңесте ауданның 60 жылдық мерейтойына арналған мәдени-көпшілік іс-шараларға дайындық жайы да сөз болды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев және денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Жоспарланған іс-шаралар аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік бағдарламалардан бастап, спорттық жарыстар мен шығармашылық кештерді қамтиды. Бұл жұмыстардың барлығы мерейтойдың лайықты деңгейде өтуіне бағытталмақ.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы да күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды. Статистика басқармасының басшысы Бауыржан Жақсымбетов аталған санақтың ұйымдастырылуы туралы баяндап, ауыл шаруашылығы саласындағы нақты деректерді жинаудың маңыздылығына тоқталды. Бұл мәліметтер болашақта экономикалық даму жоспарын құруда негізгі базаға айналмақ.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы жөнінде есеп берді. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті ынталандыруға және жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, кеңесте санитарлық тазалық пен аудан бойынша орнатылған бейнекамералардың жай-күйі де қаралды. Бұл мәселелер бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Төлегенов баяндама жасады. Оның айтуынша, тазалық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, ал бейнебақылау камералары қоғамдық қауіпсіздікті арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Атқарылған жұмыстарды бағалай келе, аудан басшысы кеткен кемшіліктер үшін бірқатар жауапты тұлғаларға сын-ескертпелер айтып, олардың тәртіптік жауапкершіліктері қаралуын тапсырды.