Аудан орталығы Мойынқұм ауылында тағы бір маңызды әлеуметтік-экономикалық нысан — құрылыс заттары дүкені өз жұмысын бастады. Бұл жаңа нысанды ауданымызға танымал жеке кәсіпкер Қанат Көшербаев ашып отыр.
Бұған дейін «Айша Сервис» кешенінде 13 адамды жұмыспен қамтып, табысты кәсіп жүргізіп келе жатқан Қанат Доғдырханұлы енді құрылыс дүкенінде 15-ке жуық жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл бастама ауданымыздағы жұмыссыздықпен күресуге және экономиканың жандануына үлес қосары сөзсіз.
Нысанның ашылу салтанатында ауыл ақсақалы Мешітбай Әлиев қария бата беріп, игі істің берекелі болуын тіледі. Сондай-ақ, ауылымыздың азаматтары, кәсіпкерлер Талғат Көшербаев, Бәкен Бейсебаев және Бекболат Өткелбаев ақжарма тілектерін білдіріп, кәсіпкерге сәттілік тіледі. Салтанатты лентаны Талғат Көшербаев пен Бекболат Өткелбаев қиды.
Іс-шара соңында қонақтар «Магнит+» кешеніндегі «Cafe in» кафесінің сәні мен салтанаты жарасқан, жаңадан ашылған бөлімінде жайылған ақ дастарханнан дәм татты.
Осындай ілкімді істер ауылымыздың әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болары анық.
Іске береке, саудаға берекет тілейміз! Қанат Доғдырханұлының бастаған әрбір ісі жемісті болып, ел игілігі үшін қызмет ете берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз.