Мойынқұм таңы

Жаңа салық кодексі – кәсіпкер мен мемлекет арасындағы сенімді көпір

0 9

Ауданымызда кәсіпкерлер қауымы үшін маңызды жиын өтті. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған басқосу жаңа Салық кодексінің нормаларын кеңінен түсіндіруге арналды. Жиынға жергілікті кәсіпкерлер, ірі салық төлеушілер, кәсіпкерлік палатасы мен кәсіпкерлік бөлімнің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты мамандары қатысты.

Департаменттен арнайы келген ма­мандар жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіріп, салық төлеушілердің құқықтары мен міндеттеріне байланысты нақты мысалдар келтірді. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріліп, көкейде жүрген мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды. Бұл – тек ресми түсіндіру жұмысы ғана емес, ел ішінде бизнестің дамуына жағдай жасайтын өзара пікір алмасу алаңына айналды.
Семинарға Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкіл­дері: Түсіндіру жұмысы және бай­ланыс орталығы басқармасының басшысы Е.Нұрмаханбетов, камералдық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Ж. Лахаев, Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бас маманы Н. Инкарбеков қатысып, өз бағыттары бойынша баяндама жасады. Олар салық саласындағы жаңа нормаларды егжей-тегжейлі түсіндіріп, қа­тысушылардың сауалдарына жауап берді.

Жиын барысында салық төлеудің тәртібін жетілдіру, электронды қызмет­терді пайдалану, әкімшілендіру жүйесін жеңілдету секілді тақырыптар қозғалды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мамандар әрбір пікірді назарға алып, болашақтағы жұмыстарда ескерілетінін атап өтті. Жиын бейне және фото жазбаға түсіріліп, барлық сұрақ-жауап арнайы тіркеуге алынды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құ­ралдары кең көлемді ақпараттық қолдау көрсетті.

Бұл семинардың ең басты мақсаты – салық саласында ашықтықты қамтамасыз етіп, халық пен билік арасындағы сенімді арттыру, сондай-ақ кәсіпкерлердің заңдық сауаттылығын көтеру болды. Жи­налған жұртшылық жиыннан пайдалы ақпарат алып қана қоймай, өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінді.

Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша басталған бұл шара облыстың өзге аудандарында да жал­ғасын табады. Кәсіпкерлер үшін тиімді өткен жиын аудандағы бизнестің дамуына жаңа серпін беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайта түсті.