Мойынқұм таңы

Жаңа жылдық шырша шаттығы

0 34

Бүгін аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шараға аудан мектептерінен жиылған 80-ге жуық оқушылар қатысты. Дәстүрге айналған мерекелік шара ертегілер кейіпкерлерінің қойылымымен бастау алды. Мұнда келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлайтын ертегі әлемінің сәнді де шуақты көрінісі әсем кестеленді. Шат көңіл балдырғандардың қуанышына аудан әкімі Ермек Карентаев ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

–Баршаңызды қуаныш пен ғажайыпқа толы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды Сіздер, әсіресе кішкентай бүлдіршіндер тағатсыздана күтесідер. Жаңа жылды қарсы алу – жаңа армандар мен жаңа мақсаттарға есік ашып, соған қарай талпыну. Жүрек түкпірлеріңіздегі осы ізгі ниеттеріңіздің орындалуына тілектеспін.

Сабақты жақсы оқып, спортпен айналысып, қалаған үйірмеге барып, әр күнді ерекше өткізіңіздер. Қанаттарыңыз талмай, ұстаз­дарыңыздан саналы тәрбие, сапалы білім алып, бейбіт еліміздің атын әлемге танытыңыздар! Бүгінгі барлық құрмет те, қошемет те тек Сіздер үшін. Аспанымыз ашық, болашағымыз жарқын болсын, – деп Ермек Амангелдіұлы мерекелік лебізін білдірді.

Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған балалар ән-жырдан шашу шашып, би биледі. Өнерпаз бүлдіршіндер өнерлерін ортаға салып, мерекелік кештің сәнін келтірді. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Сонымен бірге кеште аудан әкімінің атынан арнайы сыйлықтар табысталып, тәттілер үлестірілді.