Мойынқұм таңы

Жас сайлаушылар клубының форумы өтті

0 6

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасын орындау және жастардың арасында құқықтық мәдениет пен электораттық белсенділікті арттыру, олардың сайлау үдерістеріне қатысуға деген жауапкершілігі мен қызығушылығын қалыптастыру мақсатында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан жаңадан құрылып, ережесі бекітілген жас сайлаушылар клубының алғашқы форумы аудандық мәдениет үйінің үлкен залында өтті.

Клубтың мақсаты – жастарды сайлау процесін тәжірибелік зерт­теуге тарту, белсенді азаматтық ұстаным мен сайлауға қатысу дағдыларын дамыту болып табылады. Клуб қызметі шеңберінде оқыту семинарларын, іскерлік ойындар, сайлау комиссияларының өкілдерімен кездесулер өткізу, сондай-ақ түрлі акциялармен іс-шараларға қатысуды жоспарлап, оған қатысуды ұйымдастырады. Ал форум­ның негізгі мақсаты – сайлауға қатысу белсенділігін арттыру, азаматтың жауап­кершілігін нығайту және ел бо­лашағына бейжай қарамай, өз үнін білдіру, шақыру. Форум жастардың сайлау процесі жөніндегі білімін арттыру, олардың құ­қықтық сауаттылығын күшейту, сайлау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ жас буынның сайлау науқандарына белсенді әрі саналы түрде қатысуына жағдай жасау бағытында еркін форматтағы ашық пікір алмасуды көздейді.

Форумға аудан әкімі Ермек Амангелді­ұлы Карентаев, Жамбыл облыстық сай­лау комиссиясының мүшесі Мейіржан Ермекбайұлы Сембеков, Мойынқұм аудан­дық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Қалқаманұлы Сәдуақасов, Жастар ресурстық орталығының директоры, жас сайлаушылар клубының төрағасы Мәди Жәнібекұлы Күнту, аудан орталығындағы білім ордалары мен мекемелердің, ауыл, ауылдық округтердің әкімдері мен жастар ісі жөніндегі мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форумды аудан әкімі Ермек Амангелді­ұлы Карентаев ашып, форум жұ­мысына сәттілік тіледі.

− Сайлау − әр азаматтың ең маңызды конституциялық құқығы, әрі мем­лекеттің даму бағытын айқындайтын шешуші қадам. Сондықтан сіздермен бүгінгі кездесу өте өзекті әрі маңызды.

Бүгінгі форумның мақсаты − жастардың саяси сауаттылығын арттырып, сайлауға деген қызығушылығын күшейту.

Бұл − Мемлекет басшысы қолға алып жатқан саяси жаңғыру реформаларымен тікелей байланысты. Президентіміз ұсынған жаңа өзгерістердің барлығы сайлау жүйесінің ашықтығын, әділдігін, қоғаммен кері байланыстың күшеюін көздейді. Демек, жаңа реформалар – сіздердің дауыстарыңыздың шынайы естілуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам. Құрметті жастар! Сайлау − жай ғана бюллетень салу емес. Бұл − өз таңдауың арқылы елдің бола­шағына ықпал ету. «Менің дауысым маңызды» деген түсінік тек ұран болмауы керек, ол – әр азаматтың ішкі ұстанымы.

Құрметті форум қатысушылары!

Осындай бастамалардың аясында саяси сауаты жоғары, қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, жауапкершілігі мол жаңа буын қалыптасады деп сенемін. Сіздерге бүгінгі кездесуден мол серпін, ерекше ой, жаңа бағыт алуға тілектеспін. Баршаңызға белсенділік тілеймін!

Келесі кезекте Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейірбек Ермекбайұлы Сембеков сөз алып, жас сайлаушылар клубының мақ­саты мен міндеттеріне жалпы сайлау деген не, ол қалай өтеді, сайлаушылардың қоғамдағы аса маңызды процесс сайлаудың ерекшелігі, жас сайлаушылардың сайлау барысындағы әрекеттері жайында сөз қозғады. Мұнан кейін сөз алған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Қалқаманұлы Сәдуақасов Жас сайлаушылар клубын құрудағы негізгі мақсат, оның құрамы, атқаратын қызметі жайында айтып өтті. Содан соң сөз тізгінін алған Жастар ресурстық орталығының директоры, жас сайлаушылар клубының төрағасы Мәди Жәнібекұлы Күнту жастардың аудандық мәслихат депутаттары корпусындағы бел­сенді жұмысы жайында, аймақтың саяси процесіндегі өркендеуі туралы айтып өтті.
Ал «Нұр-бала» шағын орталығының же­текшісі Әсел Мейрамбекқызы Дүйсекеева аудан бойынша психо­неврологиялық ау­рулары тірек-қимыл аппараты бұзылған 4 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға мәдени-бұқаралық іс-шара­лармен білім беру курстарын ұсыну бойынша өзінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Жас сайлаушылар клубының мүшесі Сәкен Теміржанұлы Сағадин Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының «JASSTAR» мектеп парламенті жастар ара­сындағы жұ­мыс­­тарды баяндап, жастарды сайлау процесін тәжірибелік зерттеуге тарту, бел­сенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, сайлауға қатысу дағдылары мен патриоттық сананы дамыту бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар баяндамашыларға жиынға қатысушылар тарапынан «Сайлауға 18 жасқа толмаған жастардың қызығушылығы не үшін маңызды?», «Жастар сайлау процесі туралы дұрыс ақпаратты қайдан алады?», «Жас сайлаушылар клубы қандай рөл атқарады?», «Клубқа қалай кіруге болады?» деген сұрақтар қойылып, оған толыққанды жауап берілді.

Форумның мәдени бөлімінде ау­дандық мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында патриоттық әндер шыр­қалып, сайлау туралы қойылым көрсетілді.
Форумда жас сайлаушы жастардың партия жұмысына қатысуы – олардың азаматтық ұстанымының көрінісі туралы және орта білім беру ұйымдарының ауданымыздағы өзін-өзі басқару мектеп парламенттерінің үздік жастары сөз сөйледі.

Қызылорда қаласында өткен байқауда Үздік презентация номи­нациясын жеңіп алған Жамбыл мектеп-гимназиясы мектеп парламенті мүшелерінің ән шырқауы жиынға қатысушылардың рухын көтеріп, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Форумда жас сайлаушылар клубы­ның жұмысын ұйымдастыру мен өткізу барысында жоғары белсенділік танытқаны үшін Жамбыл атындағы мектеп-гим­назиясының, М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің мектеп парламенттерін аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының Алғыс хатымен марапаттады. Форумның аяқталу сәтінде аудандық мәдениет үйінің әншісі Қасымжан Сағадинұлы Сәденов патриоттық ба­ғыттағы «Атамекен» әнін шырқап, фо­румға қатысушыларды ерекше бір сезімге бөледі. Жиынға қатысушылар бұл әнді орындарынан тұрып тыңдады.

Форумның соңында 150-ге жуық қаты­сушы өздерінің ойлары мен пікірлерін құпия түрде жүргізілген сауалнама арқылы білдірді.