Мойынқұм таңы

Жастарға жаңа мүмкіндіктер

0 30

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

Ақорда Жарлығында: «2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын! Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Әкімшілігіне жүктелсін», – делінген.

Президент осыған дейін: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», – деген еді.

Ал еңбек адамы деген кім? Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам! Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам – еңбек адамы! Ол – дихан бола ма, ол – малшы бола ма, ол – жазушы бола ма, бәрібір. Маңдай терін салып жұмыс істеген әрбір адам – қадірлі!
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қа­білетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие. Еңбек күнінің мақсаты – осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.

Мамандықты дұрыс таңдау – бұл ұзақ кәсіби өмірде сенімділік, жан тыныштығы және материалдық әл-ауқат. Тек өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға қажетті мамандықты таңдап алу керек. Сонда адам кейін өз мамандығы бойынша жұмыс таба алады. Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басар кезде талапкердің де, ата-ананың да «Жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Десек те, ол кейде біздің айтқанымыздай бола бермейді. Кейде ЖОО бітірген жастарымыздың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қызығушылық таныт­пауы­ның өзі сон­дықтан. Шынайы көз­қараспен қарайтын болсақ, дұрыс таңдалған мамандық иесі қашанда өз ісінің шебері, әрі білгірі болып, қашанда сұранысқа ие болып жатады. Ол өз таңдаған бағытын жақсы көріп, сол саланың мақтанышына айнала алады.

Шынында да, болашақта қандай мамандықты таңдаған жөн? Бұл сауал күннен күнге өзекті мәселеге айналуда. Өйткені заман талабына сай түрлі мамандықтар сәт сайын көбейіп келеді. Ал бірнеше жыл бұрын ғана сұраныста болған кейбір мамандықтар керісінше, қажетсіз күйде қалғанын байқауға болады. Сондықтан үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жастарға мамандық таңдауда қателеспеуі үшін қәзіргі замандағы сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға кеңес беремін.