Мойынқұм таңы

«Жасыл ел» – жастар тірегі

0 21

Жасыл ел жасампаз жастардың басын біріктірген мекен. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда, аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр қазақстандықтың міндеті. Әсіресе, еліміздің болашағы болып саналатын жастарымыздың тікелей парызы болмақ. Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттер қатарына жатады. Мұндағы халықтың басым көпшілігі бойында жалыны мен қуаты тасыған жастар екені бәрімізге мәлім.

Жастар – ұлт келешегі. Ертеңгі қо­ғамның айнасы іспеттес. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақ қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да, жастардың қызығушылығын қоғам назарына бұру дұрыс қадам. Осы орайда аудан орталығында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының аудандық штабы құрылып, «Жасыл ел» бағдарламасы кең етек алды. «Жасыл елдің» аудандық штабы өз жұмыстарын бастады. Бүгінде, ау­данымыздың жастары осы бағдарламаның іске асуына барынша атсалысуда. Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар, жастардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы – жастардың бос уақытын ең­бекпен, тиімді өткізуге баулу.

Аталмыш бағдарлама ауданда да жалғасын тауып, еңбекқор жастардың мекеніне айналатыны сөзсіз. Жылына көптеген жастар жұмысқа қабылданып, өңірдің гүлденуіне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Биылғы жылы жұмысшы топ құрамына 40 жас қабылданып, қарқынды жұмыс жасауда. «Жасыл елдіктер» қатарын негізінен студенттер мен мектеп оқушылары құрайды. Бағдарлама аясында 16 мен 35 жасқа дейінгі аралығындағы жастар қабылданады. Сіз де «Жасыл ел» жасақтарында жұмыс жасағыңыз келсе тиісті құжаттарды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығына» тапсырсаңыз болғаны. Бір қуантарлығы «Жасыл елдіктердің» еңбек ақысы бұрын 60 мың теңгені құраса, қазіргі таңда 85 мың теңгеге дейін өскен. Әрине, осындай қосымша үстемелер жастарымыздың жігеріне жігер қосып, алға сүйрері сөзсіз.

Қазіргі таңда «Жасыл ел» – жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналып отырғанын байқаған шығарсыздар. Жастар күшімен еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу, елді көгалдандыру іске айналған.

«Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама жастарымыз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып еліне қызмет етіп жүр. Сондықтан мынадай iс-шараға барлық оқу орындары атсалысса, тiптен жақсы болар едi. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жасақшыларымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз.