Мойынқұм таңы

Жауапкершілік бәрінен жоғары

0 5

Аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы аудан әкімі Ермек Карентаевтың басқаруымен өтті. Жиынға аудан прокуроры Қайсар Бекмұратов қатысты.

Комиссия отырысы барысында аудандық ішкі істер басқармасы бас­тығының орынбасары Үсен Айнақұл баяндама жасады. Оның айтуынша, 2026 жылдың қаңтар айында қылмыс саны едәуір төмендеген. Дегенмен мал ұрлығы үшеуге, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс біреуге, кәмілетке жасы толмағандар ісі екі есеге өсіп отыр.

Осы тұста аудан прокуроры Қайсар Маратұлы қылмыстың көп­шілігі жұмыссыздардың көбеюінен шығатынын, тұрғындарды жұмыспен қамтуға ерекше мән беру керектігіне тоқталды. Аудандық пробация қыз­метінің аға инспекторы Ахан Тінәлиев жазасын өтеп келгендердің тәртібі және оларды жұмысқа ор­наластырудың маңыздылығын атап өтті.

Комиссия отырысы барысында Ұланбел ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Абасов, Қарабөгет ауылдық округінің әкімі Бағдат Сатыбалдиев, Қылышбай ауылдық округінің әкімі Ардақ Исабеков, Қызылтал ауылдық округінің әкімі Думан Атаев есеп беріп, өздері басқарып отырған ауылдардың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Комиссия отырысын аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы қорытындылап, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды.