Осы аптаның дүйсенбісінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты тақырыпта дөңгелек үстел басында пікіралысу болып өтті. Басқосуға «Аула» клубының ұстаздары, кітапханашылар, аудан әкімдігінің қызметкерлері, ауыл жастары қатысты. Шараның мақсаты — жастармен кездесулер өткізу және оларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру, жастар арасында заңдылықпен жемқорлыққа қарсы тәртіп орнату, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу болып табылады.
Басқосуда алдымен сөз алған аудан әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Құралай Ізбасарова: «Бүгінгі таңда жемқорлық мәселесі, тек елімізде ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселе болып отыр.
Қай мемлекетте болса да ең қауіпті құбылыс жемқорлықтың жайылып, парақорлықтың дендеуі. Сыбайлас жемқорлық өршіп тұрған кезде қоғам ешқашан алға баспайды, керісінше мемлекеттік дамуы тежеледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында айтылған маңызды мәселелердің қатарында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі тұр. Бұл қазіргі кезеңдегі белең алған бір індет десе де болады. «Сыбайлас жемқорлық құбылыстарының себептері мен жағдайларын жайлау, бұл бос әурешілік. Адамдар шенеунікті немесе қандай да бір басшыны жауапкершілікке тартып қана қоймай, олар жұмыс істеген мемлекеттік органдардың жұмысында оқиғалардың қайталануын болдырмайтын түбегейлі өзгерістер болғанын көруге тиіс. Әзірге мұндай кешенді және алдын алу жұмыстарын көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер бірінен соң бірі өзгеріп отырады, ол жүйелі мәселелер шешілмейді,- деді Президент.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағыттар бойынша жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта ол деректер базасын одан әрі интеграциялау және мемлекеттік қызметтерді жедел цифрландыру мәселелерін ерекше назар аударуды тапсырды. Сыбайлас жемқорлықтың парақорлық, тамыр-таныстың, қоғамдық ресурстар мен қорларды заңсыз бөлу және қайта бөлу, қоғамдық ресурстарды жеке мақсатта заңсыз иемдену, заңсыз жекешелендіру, саяси құрылымдарды заңсыз қолдау және қаржыландыру, бопсалау, жеңілдікті несиелер, тапсырыстар беру сияқты түрлері бар. Мұның қай түрі болмасын ауыр қылмыс әрі ол заң бойынша қатаң жазаланады,- деп түйіндеді сөзін Құралай Ізбасарова.
Содан соң өз пікірін білдірген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айым Төребек: «Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Сыбайлас жемқорлықпен күрес кез келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады» деді.
Ал аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Мәди Күнту, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ғалия Шубаева, қоғамымыздың белсенді мүшелері жас буын екендігін, әр азамат сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмауы үшін өзінен бастау керектігін, жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі өмірден өз орнын табудағы алғашқы баспалдағы екендігін айтты.
Басқосу барысында бейнеролик арқылы сыбайлас жемқорлық туралы бейнекөріністер көрсетілді.