Мойынқұм таңы

Жеңіс саябағы қайта жаңғыртылуда

0 29

Ауданда ел үшін ерен ерлік көрсеткен ардагерлерге тағзым ретінде қолға алынған ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық аясында ауданда бірқатар тарихи-мәдени нысандар жаңартылып, рухани жаңғыру жолында нақты қадамдар жасалуда.

Осыған орай аудан әкімі Ермек Карентаев аудан орталығында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мемориал кешенінің қайта жаңғыртылу барысын арнайы барып тексерді. Бұл мемориал – қан майданда ерлікпен шайқасқан жерлестеріміздің есімін ұмытпау, олардың қаһармандығын кейінгі буынға үлгі ету жолында ерекше маңызға ие.

Аудан басшысы аралау барысында мердігер ұйымдардың жауапкершілігіне және белгіленген мерзімдердің орын­далуына ерекше мән беріп, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Жаңғыртудан кейін бұл мемориал тек тарихи ескерткіш қана емес, аудан тұрғындары мен қонақтары үшін тәлім мен тағзым орнына айналатыны анық.

Сондай-ақ, Ермек Амангелдіұлы Бірлік ауылында болып, Дүйсен Асанбайұлы атындағы Жеңіс саяба­ғын қайта қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйін де бақылап қайтты.

Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадиновпен бірге жүргізілген бұл сапар барысында да мердігерлерге сапа мен мерзім талаптарына сай жұмыс істеу туралы нақты тапсырмалар берілді.

Жақын арада жаңартылған саябақ аумағында балаларға арналған ойын алаңы, жаңартылған «Обелиск» ес­керткіші, ересектерге арналған шынығу аймағы және толық абаттандырылып демалыс орнына айналмақ.

Бұл — Жеңіс күні қарсаңында ауыл тұрғындары үшін жасалатын үлкен тарту. Мұндай игі істер – ұрпақтар сабақтастығы мен ел бірлігінің айқын көрінісі.

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне деген құрмет – біздің перзенттік па­рызымыз, ал олардың ерлігін ұлықтау– мәңгілік ұстанымымыз. Сондықтан Мойынқұм өңірінде атқарылып жатқан бұл жұмыстардың тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор. Ел үшін от кешкен батырларға деген құрметтің, ұлт рухын көтеруге бағытталған игі істердің жарқын көрінісі.