Мойынқұм таңы

Журналистика мен жасанды интеллект: қоғам сенімінің жаңа форматы

0 7

Қазақстанның бас қаласы Астанада өткен «Astana Media Week 2025» биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Медиа саласының үздіктері, халықаралық сарапшылар мен отандық мамандар жиналған бұл апталық еліміздің ақпараттық кеңістігінің болашақ бағытын айқындауға арналды. Биылғы форумның басты өзегі – цифрландыру дәуіріндегі журналистиканың жаңа миссиясы, қоғам сенімін сақтау және ұлттық құндылықтарды қорғау. Жалпы бұл жиынға әр өңірден мыңға жуық адам жиналды. Ауданымыздан да делегат болып «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы Елдос Ерғабылұлы және «Мойынқұм медиа орталығы» КММ-нің мамандары дәріс алып қайтты. Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға сертификаттар табыстады.

Медиа апталық аясында өткен пленарлық және панельдік сессиялар қатысушыларға ақпарат саласының заманауи сын-қатерлеріне жауап іздеуге мүмкіндік берді. Форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақпараттық саясаттың басты мақсаты – халық сенімін арттыру мен отандық контенттің сапасын көтеру екенін атап өтті.
«Жаңа дәуір журналистикасының бағ­дары» тақырыбындағы пленарлық сессияда Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Еуропа медиа саласының өкілдері пікір алмасты. Олар жасанды интеллект журналистикаға жаңа құрал ғана емес, жаңа жауапкершілік әкелетінін айтты. «Euronews» арнасының халықаралық тілшісі Денис Локтье: «Жасанды интеллект ақпаратты жылдам өңдей алады, бірақ журналистикадағы басты нәрсе – адамдық құндылықтар мен сенім» деп атап өтті.
Сессия аясында «Казконтент» компаниясы «ЖИ және медиатрансформация» атты бейне­презентациясын таныстырды. Онда қазақ­стандық медиа кеңістіктегі жасанды интеллект технологияларын енгізу тәжірибесі мен бо­лашағы көрсетілді.
Келесі панельдік пікірталастарда «Жур­налистика және жасанды интеллект: жаңа медианың тууы», «Медиаэтика және сенім манифесі» секілді тақырыптар талқыланды. Депутат Екатерина Смышляева, IT-мамандар және жетекші медиахолдинг басшылары цифрлық дәуірдегі этикалық шекаралар мен ақпараттың сенімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.
«Astana Media Week» барысында ерекше назар аудартқан кездесулердің бірі – жазушы, драматург Төлен Әбдікпен өткен шығармашылық кездесу болды. Көрермендер классикпен бірге ұлттық рух, қоғам мен мәдениеттің сабақтастығы жайлы әсерлі әңгіме тыңдады.
Келесі күнгі іс-шаралар ұлттық контент пен креативті экономика тақырыбына арналды. «Стримингтік платформалар: на­рық, контент, монетизация» атты пікір­таласта отандық және шетелдік онлайн-платформалардың басшылары аудитория талғамының өзгерісін талдады. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының жабық питчингі, «Деректі кино: жаңа талғам, жаңа формат» шеберлік сабағы, «Euronews Academy» өткізген мастер-класстар қатысушыларға тәжірибелік бағытта ой қосты.
Үшінші күн қоғаммен байланыс және PR саласына арналды. «Сенім дағдарысы – коммуникацияның жаңа дәуірі ме?» деген сессияда мемлекеттік құрылымдар мен медиа өкілдері қоғаммен диалогты нығайтудың заманауи тәсілдерін талқылады.
Апталықтың қорытынды сәтінде «Үркер» Ұлттық сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ үздік баспасөз қызметтері мен баспасөз хатшыларына арнайы марапаттар табысталды.
«Astana Media Week 2025» – бұл жай ғана кәсіби кездесу емес, медиа саласының жаңа парадигмасын қалыптастырған алаң болды. Мұнда журналистика мен жасанды интеллект, ұлттық құндылық пен жаһандық үрдіс, сенім мен технология қатар тоғысты. Бұл отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынастарды күшейту үшін жасалатын, Қазақстандағы мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби және жаңа БАҚ-тың басын қосатын іс-шара.
Еліміздегі басты коммуникация алаңында ведомство басшылары, халықаралық сарап­шылар, инфлюенсерлер мен сала мамандары кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап, идеяларын жариялайды. Байланыс орнатып, презентациялар жасап, алдағы жылға жоспарларын айтты. Осы апталықтың басты сабағы айқын: журналистиканың болашағы – шындыққа адалдықта, сенімге берік болуда және жаңа технологияларды адамзат игілігіне жұмылдыруда.