Жақында Тараз қаласында алғаш рет «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті. Бұл игілікті спорт шарасы «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Қазақстан халық Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы, облыс әкімдігінің білім, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет басқармалары атсалысқанын айта кеткен жөн.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, қазіргі уақытта инклюзивті ортадағы азаматтар мен балаларға деген қоғамның көзқарасы түбегейлі өзгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен осы бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Сондықтан, бұл фестивальдің маңызы зор, мәні терең.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалі болашағы жарқын, арманшыл балаларға қуаныш сыйлайды деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, болашағымыздың бағдары саналатын жасөспірімдерге жігер беріп, өз мүмкіндіктерін кеңінен ашуға ықпал етті.
Жалпы, фестивальге Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 32 команда (96 бала, оның 37-сі мүмкіндігі шектеулі балалар) қатысып, инклюзиялық командалық жарыстың «Бочча», «Біз жеңімпаз боламыз!», «Жеңіл атлетика» түрлері бойынша сынға түсті. Осынау спорт мерекесінде ауданымыздан екі команда құрамында 6 бала қатысып, өз шеберліктерімен баршамызды тәнті етті.
Осыған орай «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев партия филиалының мәжіліс залында инклюзиялық спорт фестивалінде жүгіруден 2-орын алған спортшыларды қабылдап, қуаныштарымен бөлісті. Қабылдауға аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков, бас маманы Талғат Алпанов, Айдос Сатылған және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысты.
Осы жарысқа қатысуға қолдау білдірген ата-аналар мен Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы және О.Жандосов атындағы орта мектеп басшылығына, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі, аудандық білім бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ризашылық білдіреміз.