Аудан әкімдігінің мәжіліс залында кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Әмірханов ашып, жүргізіп отырды. Аудан әкімдігінің бөлімдері мен оларға қарасты мекемелер, ауылдық округ, ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде аудан көлеміндегі су тарату имараттарының жай-күйі, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық сынды екі мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаевтың баяндамасы тыңдалды.
– Бүгінгі күнге Мойынқұм ауданында 24 елді мекеннің 20 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 5 елді мекенде 24 сағат, 15 елді мекенде 4-12 сағат аралығында беріледі. Атап айтатын болсақ, Мыңарал, Ұланбел, Қарабөгет, Сарыөзек елді мекендерінде 24 сағат, Мойынқұм, Қылышбай, Құмөзек, Жамбыл, Күшаман, А.Назарбеков, Айдарлы, Бірлік, Биназар, Хантау, Қияқты, Мирный, Бурылбайтал, Мыңарал станциялары, Шығанақ елді мекендерінде 2-12 сағат аралығындағы ауыз су берілуде.
Екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Данияр Ахмеджанов, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашевтар аудандағы нысандардың қысқы жылыту маусымына дайындығы туралы хабарлама жасады.
– Білім бөліміне қарасты 45 білім беру мекемесі бар. Оларды 24 мектеп (19 орта, 4 негізгі, 1 бастауыш), 15 балабақша, 7 мектеп жанынан құрылған шағын орталық және 5 мектептен тыс мекемелер, 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті құрайды.
Аудандағы 24 мектептің 23-нің жылу жүйесі автономды, 1 мектеп (Қашқантеңіз бастауыш мектебі) пешпен жылытылады. Барлық білім беру мекемелері қатты отынды пайдаланады..
2024-2025 жылдарға қысқы маусымға білім саласындағы мекемелерге – 11 023 тонна көмірге тапсырыс берілді. (мектептерге 9041т, балабақшаларға 1758т, қосымша білім беру мекемелеріне 193 т, КППК -31т). Қаралған қаржы көлемі 252361,0 мың. теңге. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Тараз қаласынан, «Иманалиев Медеу Суйендикович» ЖШС ұтып алып, келісім шарт жасалынды. Бүгінгі таңда 5 366 тонна көмір Шу қаласындағы темір жол тұйығына түсіріліп, 2253 тонна көмір білім нысандарына жеткізілді. Тасымалдау мерзімі 25 маусымнан 15 қыркүйек арасында жүргізіледі, — деді Жайдар Саттарқұлұлы.
Хабарламалардан кейін ауылдық округ, ауыл әкімдері ауылдардағы түйінді мәселелер жайында сауалдарын қойып, хабарламашылардан нақты жауаптар алды.
Жиын соңында Ержан Әлімханұлы аталған түйінді мәселелер оң шешімін табу үшін тиісті бөлімдер мен ауылдық округ, ауыл әкімдеріне нақты уақыт белгілеп, тапсырма берді. Және ол тапсырмалардың орындалуын жеке назарда ұстайтынын қадап айтты.