Осы аптада «Айсымбат» мейрамханасында ерекше мерекелік іс-шара өтті. Бұлай деуіміз, ерекше күтімдегі жасөспірімдерге арналған жаңа жылдық кеш өткізілді.
Мейрамхана залының бір бұрышына қойылып, әсем безендірілген шырша мұнда келушілерге жақсы көңіл-күй сыйлайды. «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне қарасты «Нұр-бала» шағын орталығында тәрбиеленушілер жаңа жылдық кешке жоғары деңгейде дайындықпен келген. Бұл олардың кеш барысында шырқаған әндері, мың бұрала билеген билері, жаңа жыл туралы жатқа айтқан тақпақтарынан аңғарылып тұрды. Кеште Бексұлтан Зейне «Жарай ма» әнін тамылжыта орындаса, тәрбиеленуші балалардың бәрі бірге шырқаған «Шырша жыры», «Нұр-бала» әндері кеш қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал тәрбиеленуші жасөспірімдер билеген «Қуыршақ» биі олардың қимыл-қозғалысы дені сау балалардан еш кем еместігін аңғартты. Кеш барысында орталық тәрбиеленушілері Мақсат Өмірзақ, Нұрасыл Рауан, Аясын Көркембек, Бексұлтан Зейне, Жамбыл Ерсін, Әйгерім Жансерік, Қарақат Мырзағали, Гауһар Қазбек, Айзере Әкубек, Раяна Сайлаулардың жатқа, мәнерлеп оқыған тақпақтары кештің шырайын аша түсті.
Кеште «Нұр-бала» шағын үйінің тәрбиеленушілерін арнайы құттықтап келген аудан әкімі Карентаев Ермек Амангелдіұлы өзінің балаларға деген жылы лебізін білдірді.
–Мен бүгін, осы сәтте ерекше көңіл-күйде отырмын. Мұндай іс-шараға алғаш рет қатысуым. Балалардың өнері, кешті ұйымдастырушылардың кәсіптік деңгейі беріліп жатқан әр нөмірден байқалады. Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2025 жылмен құттықтаймын. Сендерге бірлік пен бейбітшілік, береке мен ырыс, ынтымақ пен бақ сыйлаған Ұлу жылымен қоштасып, санаулы күндерден кейін ертеңге деген үмітіміз бен сенімімізді арқалаған жаңа Жылан жылымен қауышамыз. Жаңа жыл – жаңа бастамалардың, жаңа мақсаттардың бастау алатын, ертеңгі күнге үлкен үміт пен сеніммен қадам басатын уақыты. Жаңа жыл жақсылықтың жаршысы. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттерді орындауға иек артатын кезең. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа жыл толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлап, әрқайсыңа құт-береке әкелсін,- деді Ермек Амангелдіұлы. Содан соң аудан басшысы балаларға әкелген сыйлықтарын табыстап, бүлдіршіндермен естелік ретінде суретке түсті.
Кеш барысында «Нұр-бала» жобасының жетекшісі Әсел Мейрамбекқызы тәрбиеленуші балаларға Жаңа жылда денсаулықтарың мықты, өмірдегі әр күндерің сәтті өтсін, тәтті естеліктерге толы болсын деген ниетпен тәтті тортты ұсынды. Сондай-ақ кеште аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков те өзінің орталық тәрбиеленушілеріне арнаған жаңа жылдық жылы лебізін білдірді.
Тартымды өткен жаңа жылдық кешті қорытындылаған Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйгерім Маратбекқызы Дәулетбаева жасөспірімдерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлаған кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, шараға қатысушыларды келе жатқан жаңа жылдарымен құттықтады.