Мойынқұм таңы

Құтты мекен – Мойынқұмға 60 жыл

0 24

Мойынқұм ауданының 60 жылдық тойы ауданның әрбір елді мекенінде кеңінен аталып өтуде. Атаулы мереке – тек ауданның өткені мен бүгініне шолу ғана емес, халықтың бірлігі мен рухын көтеретін ерекше рухани құндылыққа айналып отыр. Осы орайда Ұланбел, Құмөзек және Қылышбай ауылдарында өткен мерекелік іс-шаралар өз ерекшеліктерімен ел есінде қалды.

Ұланбел ауылында өткен мерекелік шара театрландырылған көрініспен басталды. Сондай-ақ тарихи сахналық қойылым арқылы көрермендерді ел шежіресіне терең бойлатты. Іс-шара шымылдығы көнеден келе жатқан дәстүр бойынша, ел азаматтары хан ордасынан бата алу арқылы ашылды. Бұл көрініс ауыл өмірінің рухани келбетін жаңғыртып, елдік мұраттармен үндесті.

Одан әрі ауыл өнерпаздарының қа­тысуымен концерттік бағдарлама ұсы­нылып, қазақтың ән-күйі мен жырлары шырқалды. Көрермендер шынайы ша­бытпен орындалған өнер туындыларын жылы ықыласпен қабылдады.

Шара аясында қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеген көрме де ұйымдастырылды. Көрмеден тұрмыстық бұйымдар, ұлттық киімдер мен қолөнер туындылары орын алды. Мерекенің соңында ақ дастархан жайылып, ауыл тұрғындары мен келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.

Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Құмөзек ауылында өткен «Мойынқұм – құт мекенім» тақырыбындағы ша­ралар легі өзінің тарихи әрі рухани сипатымен ерекшеленді. Бұл ауылда ұйымдастырылған кештің басты ерек­шелігі – кезінде аудан жұртшылығына жақсы таныс болған «Өнерпаздар» вокалды-аспаптық ансамблінің сахнаға қайта оралуы болды.

Жылдар бойы ел есінде сақталған ансамбль мүшелері осы мерекеде қайта бас қосып, сахнада өнер көрсетті. 35 жылдан кейін олар орындаған шығармалар көрермендерге ерекше әсер қалдырды, ескі естеліктерді қайта жаңғыртып, ауыл тарихына деген мақтаныш сезімін оятты.

Сондай-ақ, кәсіби деңгейде сах­наланған көрініс ауыл өнерінің деңгейін биікке көтеріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Іс-шара алаңында ауыл аналары мен келіндері ұлттық асхана мен қолөнер бұйымдарын шынайы үлгіде көрсетіп, өткен мен бүгінді ұштастырды.

Қылышбай ауылындағы мерекелік кеш ерекше мазмұнымен, терең ойымен ел есінде қалды. Ауыл тұрғындары мен келген қонақтардың назарына ұсынылған көліктер шеруі – қазақ елінің көлік қатынасы тарихын кеңінен қамтыды. Бұл шеру сонау атпен жүріп-тұратын замандардан бастап, қазіргі заманауи автокөліктерге дейінгі аралықты қамтып, көрермендерге тарихи-танымдық ақпарат беру арқылы ерекше көркемдік әсер сыйлады.

Сонымен қатар, асықпен ойналған ритмикалық композиция 100-ге жуық оқушының қатысуымен сахналанды. Бұл қойылым – ұлттық мұра мен заманауи сахналық мәдениеттің сәтті үйлесім тапқан туындысы болды.

Мерекелік кеште ауылдың түлегі, бүгінде есімі елге танымал әнші Асылхан Шүңіреков сахна төрінде өнер көрсетті. Сондай-ақ, Қылышбайлық бел­гілі композитор Садық Құнанбаевтың шығармашылығы да осы кеште кеңінен насихатталды. Оның елге кеңінен таралған, сырлы әуенімен тыңдаушының жүрегін тербеген «Талдыөзектің талдырмашы» әнін осы ауылдың тумасы Ақжан Алпысбайұлы орындап, ауыл өнерінің алтын қорынан сыр шертті. Бұл ән арқылы Талдыөзектің табиғаты мен жастық шақтың мөлдір сағынышы шебер суреттеліп, көрермендердің көңілін баурап алды.

Шара соңында ауыл әкімі Бәкір Исабеков ел игілігіне еңбек сіңіріп жүрген азаматтар мен ұжымдарды марапаттап, алғыс білдірді.

Үш ауылда өткен осы мерекелер – тек той ғана емес, халықтың өткенін бағалап, болашағына сеніммен қарайтындығының көрінісі болды. Мойынқұм – құт мекен ғана емес, тамыры тереңге кеткен тарих, бірлігі бекем ел, өнер мен салт-дәстүрдің алтын бесігі екені осы шаралар арқылы тағы бір мәрте дәлелденді.

Мерекелік шаралар аясында барлық ауылдарда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, дала төсінде дүбірлі ат шабысы өтті. Топ бәйге, тай жарыс сынды ат спорты сайыстары ауыл жұрты мен қонақтардың делебесін қоздырып, қазақтың көшпелі өмір салты мен ежелгі дәстүрін қайта жаңғыртты. Даланың ер­лерін танытқан көкпар, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындар да назардан тыс қалмады.

Сонымен қатар, боз кілемде бел­дескен палуандар тартысты белдесулер өткізіп, ауылдың білекті, жүректі жігіттері өзара мықтыны анықтады. Қой көтеру, арқан тарту, қол күрес, асық ату сынды ойындар да ауылдың жасөспірімдерінен бастап үлкендеріне дейін белсенді қатысқан нағыз халықтық думанға айналды.

Ұлттық спорттың осындай кең көлемде ұйымдастырылуы – елдің рухын көтеріп, ата-бабадан жеткен асыл мұраны жас ұрпаққа жеткізудің жарқын көрінісі болды. Әр ауылдың атбегілері мен балуандары, өнерпаздары мен шеберлері өзара жарысып қана қоймай, бірліктің, достықтың, татулықтың туын биікке көтерді. Бұл жарыстар – тойдың сәні ғана емес, оның рухани мазмұнын толықтырып, нағыз халықтық мерекеге айналдырды.