Мойынқұм таңы

Үкіметтік емес ұйымдар кеңесінің отырысы өтті

0 6

Аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Мейірхан Төлеулиев жетекшілік етіп, аудан аумағында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың қызметіне қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

Кеңес барысында ең алдымен 2025 жыл ішінде ҮЕҰ-дар атқарған жұмыстың қоры­тындылары тыңдалды. Қоғамдық ұйым­дардың әлеуметтік саланы дамыту, жастарды қолдау, экологиялық мәдениетті арттыру, әлсіз топтарға көмек көрсету және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы нәтижелері сараланды. Әр ұйым өз есептері арқылы жыл бойы атқарған жұмыстардың тиімділігін, қол жеткізген көрсеткіштерін және шешуді қажет ететін мәселелерін ортаға салды.

Сонымен қатар кеңес мүшелері 2026 жылға арналған ұсыныстарды қалыптастыру мәселесін талқылады. Алдағы жылға арналған жоспарлар ішінде ҮЕҰ-дардың қоғамдағы рөлін күшейту, мемлекеттік құрылымдармен өзара байланысын арттыру, әлеуметтік маңызды жобаларды үйлестіру және жаңа бастамаларды іске асыру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізілді. Жиынға қатысушылар алдағы кезеңде нақты нәтижеге бағытталған, халыққа тікелей пайдасы тиетін ортақ жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Кеңес төрағасы Мейірхан Берікұлы ҮЕҰ-дардың аудан өміріндегі орны ерекше екенін айтып, олардың қоғаммен байланыстағы белсенділігі мен бастамашылдығы әлеуметтік тұрақтылық пен дамудың басты негіздерінің бірі екенін жеткізді. Ол сондай-ақ келер жылға арналған ұсыныстарды пысықтап, нақты іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты бөлімдер мен ұйымдарға тиісті тапсырмалар беріліп, ҮЕҰ-дармен өзара іс-қимыл жұ­мыстары жүйелі түрде жалғасатын болды.