Мойынқұм таңы

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

0 9

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы кезеңдегі басты міндеті – қуатты экономикасы, дамыған технологиясы, сапалы білім мен ғылым жүйесі қалыптасқан, заң үстемдігі қамтамасыз етілген озық мемлекет құру екенін атап өтті. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды құрылыс жұмыстарын қолға алу қажеттігін айтты.

Жолдауда денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу мен жаңғыртуға басымдық берілді. Сонымен қатар қалалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, ауыл-аймақтардың дамуына жағдай жасау мәселелері де маңызды міндеттер қатарында белгіленді.

Президенттің айтуынша, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымдық жаңғыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл қаражат елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, өңірлердің дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталмақ.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың қаражатын тиімді пайдалану, ел байлығын сақтау және оны келешек ұрпақтың игілігіне жарату – бүгінгі буынның басты жауапкершілігі екенін атап өтті.

Жолдауда айтылған міндеттер Қазақстанның тұрақты дамуына, өңірлер арасындағы теңгерімді нығайтуға және болашақ ұрпаққа қуатты, өркендеген мемлекет қалдыруға бағытталған.