Мойынқұм таңы

Астанадан үлкен әсермен оралдық

0 7

Жақында еліміздің жүрегі Астанаға тағы да жолымыз түсті. Елордадағы EXPO конгресс-орталығында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» ұранымен өткен іс-шара аясында көшбасшы әйелдермен кездесті.

Аталған жиынға еліміздің бар­лық өңірінен келген мыңға жуық көшбасшы әйелдер арасында – білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ғылым, әлеуметтік салаларының және азаматтық сектордың өкілдері бар. Іс-шара аясында жаңа Конституцияны қабылдау бойынша 15 наурызда өтетін референдум талқыланды. Жиынға об­лысымыздан 30 өкіл қатысты. Жиынға Премьер–Министрдің орынбасары, Мә­дениет және Ақпарат министрі Аида Балаева қатысып отырды.
Іс-шара барысында Конституция жо­басының жаңа философиясына, оның «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген жаңа парадигмасына ерекше назар аударылды. Бұл қағидатты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел басқарған алғашқы күннен бастап дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
Жиында «АMANAT» партиясының тө­рағасы Ерлан Қошанов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Қадірлі делегаттар! «Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік саясатқа ерекше мән береді. Президент әйелдер қауымының жұмысқа өте ұқыпты, әр іске тиянақты, жауапкершілікпен қарайтыны арқылы ерекшеленетінін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан оларға ең сезімтал әрі маңызы жоғары салалар сеніп тапсырылады. Қазақстандық әйелдердің адамға деген қамқорлық, отбасы тағдырына алаң­дау­шылық және балалардың болашағына деген жауапкершілік сынды құнды қасиеттері мемлекетіміздің адамгершілік негізін айқындайды. Сондықтан дәл осы құндылықтар бүгінде жаңа Конс­титуцияның негізгі қағидаттарынан көрініс тауып отыр. Оның өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, қауіпсіздігі және дамуына берілген мүмкіндіктер тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев терең интеллектуалды тұлға ретінде қазақстандықтарды білімді, кітап оқитын әрі ойлана білетін ұлт ретінде көргісі келетіні туралы арманымен жиі бөліседі. Ол әр адам білім алуға, өзін дамытуға талпынуға тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Сонымен қатар ол өзін үнемі жетілдіріп отырады, «өмір бойы білім алу» қағидатын берік ұстанады және өзгелерден де осыны күтеді. Президенттің осы өмірлік көзқарасы жаңа Конституцияның идеологиясымен толық үндеседі. Онда еліміздің білімді және прогрессивті қоғамға қарай даму жолы айқындалған. Оның басты байлығы – адам капиталы және жастардың терең білімі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл біздің балаларымыз бен немерелеріміз білімнің терең құндылығын түсініп, ғылымға, мәдениетке ұмтылады деген сөз. Бәлкім, бұл – Президенттің ең асыл арманы, енді Конституцияның өзегіне айналады», – деді ол.
Жиында өзекті ой, нақты ұсыныс пен қолдаулар айтылды. Нәзік жандылар Ата Заң жобасында отбасы институты мен дәстүрлі құндылықтарды қорғауға арналған нормаларды ерекше атап өтті. Мәселен, неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекітілуі балалардың дүниеге келуі мен тәрбиеленуі үшін берік негіз қалыптастыратыны, мемлекет әйелдердің құқығын қорғау бағытындағы жүйелі саясатын жалғастырып келе жатқаны айтылды. Атап айтқанда, «қыз алып қа­шу» әрекетіне қатысты жауапкершілік күшейтілді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында атап өткендей, бұл дәстүр емес, адам құқығын өрескел бұзу болып саналады. Осы қадамдардың барлығы отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға және қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға бағытталып отыр.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституция қабылдаудың тарихи маңызы туралы мазмұнды әрі ашық пікір алмасты. Әр қатысушы өз кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, Ата Заң жобасындағы өзіне жақын прогрессивті жаңашылдықтарды атап өтті.
Мәселен, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сауле Рахметуллина жаңа Конституцияда алғаш рет ғылым мен инновация мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл елдің білім экономикасын дамытуға және адам капиталын қолдауға бағытталған бағытын айқындайды. Сондай-ақ ол бүгінде қазақстандық ғалымдардың жартысынан астамы қыз-келіншектер екенін және олар отандық ғылымның дамуына зор үлес қосып жатқанын айтты. Астаналық педагог-психолог Меруерт Жақыпованың ерік-жігері талайды таңқалдырды. Ол бала кезінен церебралды сал ауруына шалдыққан. Алайда бұл оның инклюзивті білім беру саласының маманы атанып, ерекше балалардың қоғамда өз орнын табуға көмектесуіне кедергі болған жоқ. Меруерт жаңа Конституцияда тең мүмкіндіктер және әлеуметтік әділдік қағидаттары бекітілетінін атап өтті. Сол арқылы мүгедектігі бар адамдар білім алу, еңбек ету және қоғам өміріне толыққанды араласу мүмкіндігіне ие.
Ал Astana Hub білім беру бағдар­ламалары офисінің директоры Алена Славкина жаңа Конституцияның цифрлық өлшеміне тоқталды. Оның айтуынша, технологиялар қарқынды дамып жатқан заманда жеке деректерді қорғау мен цифрлық ортадағы хат алмасу құпиясын конституциялық деңгейде бекітудің маңызы өте зор. Ол цифрландыру үдерісі адам құқығын сенімді қорғаумен қатар жүруге тиіс екенін атап өтті. Яғни IT-сервистердің, электрондық қызметтердің және он­лайн-коммуникациялардың да­муы азаматтардың жеке ақпаратын қор­ғауды күшейтумен қатар жүруі қажет.
Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар: жаңа Конституция – бұл миллиондаған қазақстандық азаматтың мемлекет адамға қызмет ететін, отбасы мен адамның қадір-қасиеті қорғалатын, білім, ғылым және еңбек табыстың басты өлшеміне айналатын Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды таңдауы деген ортақ пікірге келді. Сондықтан әйелдер алдағы 15 наурызда өтетін референдумда жаңа Ата Заңды қолдап дауыс беруге дайын екендерін ашық мәлімдеді.
Жаңа Конституция – еліміздің жар­қын болашаққа басқан батыл қадамы. Бұл ретте референдум қарсаңында біздің ауданда да белсенді жұмыстар жүргізілді. Оған әйелдер қауымы да ерекше атсалысты деп айта аламын. Өзім де Астана қаласындағы форумнан үлкен әсермен оралдым. Біздің мем­лекетте жасалып жатқан әр қадамның өміршеңдігіне, еліміз әлемдік өркениетке ұмтылып, дамып жатқанына тағы да көз жеткіздік.

Ғалия ШУБАЕВА,
«AMANAT» партиясы аудандық
филиалының әйелдер қанатының
үйлестірушісі, аудандық аналар кеңесінің төрайымы.