Көпке үлгі Күшаман
Жыл басы Наурыз мерекесі Қызылотау ауылдық округі Күшаман ауылында да мән мағынасы, сән салтанатымен тойланды. Ауыл шетіндегі кең аумаққа бірнеше ақшаңқан киіз үйлер тігіліпті. Ауыл халқы жиналған мерекеде Күшаманның 79 жастағы ақсақалы Бабақұл Қарсыбеков көпшілікке ақ тілегін арнап батасын берді. Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз сөйлеп, ауыл халқын құттықтады. «Бүгін сіздердің округте қызықты Наурыз мерекесі өтіп жатыр. Бұл тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын көрсетеді. Сіздерді аудан әкімі Ермек Карентаевтың атынан құттықтап, барша жақсылықты тілеймін. Елдің ынтымағы берік болып тұрғанда бұл ауылда әлі талай жетістік, талай той тойланады» деді ол. Мұнан соң «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Манарбек Көшкімбаев, ауыл ардагері Рысбай Бітібаев, аталған ауылдық округі қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Шынжарбеков жылы лебізін білдірді.
Ауылдың спортшы және көкпаршы жігіттері бірнеше атпен келіп, мемлекеттік Туды жоғары ұстап жүріп өтті. Біз бұл көріністі ауыл азаматтарының өз Отанына деген шексіз құрметі деп қабылдадық. Оларға ерекше сүйсініп жүрегіміз жылып тұрды.
Аталған округте 600 тұрғын, 109 шаңырақ бар екен. Соның ішінде 100 үй лотерея билеттерін сатып алып, Наурыз тойдың үстінде 100 лотерея ойналып, 100 адам ұтысқа ие болды. Сыйлық ең үлкені мотоциклді ауыл тұрғыны Қанат Батышев ұтып алып, қуанышқа кенелді. Наурызға арналған мерекелік іс-шараны облыстық жас ақындар айтысының жүлдегері Әділет Медетқұл жүргізді. Жиынның жоғары деңгейде өтуіне аталған округтің әкімі Жандос Қуантаев, ауылдағы Амангелді атындағы негізгі мектебінің директоры Нұржан Сәденов ерекше үлес қосты. Аталған мектептің 1 сынып оқушысы Еркежан Берік халық әні «Күміс құманаймен» ерекшеленсе, тазы ұстап әкелген Дамир Көкманның айналасынан табылғандар да аз болмады. Жас бүркітші Серікбол Жалғасұлымен суретке түскендердің қарасы көп болды.
Жоғары деңгейде өткізілген Наурыз тойынан алақандай ауылдың ынтымағы мен бірлігі көрініп тұрды.
Ұлағаты мол Ұланбел!
Шығыстың шырайлы, халқымыздың қастерлі мерекесі әз-Наурыз ауданымызға қарасты әр ауылдық округте де ерекше сән салтанатымен аталып өтті. Себебі, бұл күнді қазақы құндылықтардың ордасына айналған ауыл тұрғындары асыға күтеді.
Осынау Ұлыстың ұлы күні Ұланбел ауылдық округінде де жоғары деңгейде тойланды. Ұланбел – аудан орталығынан шалғай жатқанымен, әрқашан еңбекте де, қоғамдық істерде де белсенділік танытатын ауылдық округ. Сол белсенділіктерінен бұл жолы да жаңылған жоқ. Ауыл орталығына қазақтың оюлы киіз үйлері тігіліп, қазан көтерілді. Алтыбақан құрылып, ән әуеледі. Бұл күні ауылдың үлкен-кішісі тегіс ауыл орталығына жиналды. Баршасының көңіл-күйі жоғары, жүздері жарқын.
Жыл басына орай ұйымдастырылған мерекеде Ұланбел ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Абасов сөз сөйлеп, барша тұрғындарды Ұлық мерекемен құттықтады. «Бүгінгі күннің маңызы ерекше. Барша қазақ даласы үшін – Ұлыс күн. Біздің ауылдық округ тұрғындары да бұл мерекеге белсене қатысып, ынтымақ пен бірліктерін көрсетіп отыр. Осы ынтымақ, татулық барда басымызға бақ қонады. Барлық жақсы жетістікке сіздермен бірге жетіп отырмыз. Баршаңызға жақсылық тілейміз»,- деді ол.
Мерекелі іс-шарада ауылдың құрметті ақсақалдары Есенғали Атабаев, Әріп Бекенеев ақ тілегін арнап көпшілікті құттықтады. Рымкүл Есенбаева бастаған ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Әр көше ұлттық өнер және спорт түрлері бойынша, қазақтың салт-дәстүрлері аясында өзара жарысып, мереке көркін қыздырды. Олардың баршасына сыйлық беріліп, еңбектері бағаланды. Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп ұжымы да Наурыз тойға өздерінің қомақты үлестерін қосты. Ауылдағы үлгілі де тәрбиелі келіндер әзірлеген наурыз көже халыққа тегін таратылды. Жасы үлкендер ауылдың ынтымағын тілеп, ақ батасын берді. Ауыл шетінде жас жігіттердің қатысуымен көкпар додасы да қызып жатты. Осылайша, Ұланбел ауылының тұрғындары Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтті.
Қарбаласқа толы Қарабөгет
Наурыз мерекесі Қарабөгет ауылдық округінде де үлкен қызығушылық, жоғары құрметпен тойланды. Ауылдық округ тұрғындары жұдырықтай жұмылып, ынтымақтарын көрсетті. Жиналған көпшіліктің алдында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қазыбек Бейімбетов сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтады. «Көктемнің шуақты күндері – қазақ үшін береке, шуақ. Сол шуақты күндердің Наурыз тойымен астасып жатуының мәні ерекше. Біз бүгін тарихы мол Қарабөгет ауылындағы тамаша іс-шараға жиналып отырмыз. Бұл жерден елдің таза көңілін, табиғаттың тазалығын, даланың дархандығын көруге болады. Сіздердің ауылдық округ аудан көлемінде абыройлы. Ақсақалы дана, әжелері ұлағатты мұндай ауылдың еңсесі әрқашанда биік» деді ол.
Мұнан соң Қарабөгет ауылдық округінің әкімі Бағдат Сатыбалдиев, А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Жұмакүл Тұрсынбайқызы сөз сөйлеп, барша тұрғындарға жақсылық тіледі. Мұнан соң салт-дәстүр, қазақы жоралғылардан түрлі көріністер көрсетіліп, ән шырқалды. Ұлттық спорттық ойындар да қызықты өтті. Ауылдың белсенді тұрғыны Шапай Айнабеков бастаған ел ағалары да мерекенің қызықты өтуіне өз үлестерін қосты. Наурыз көже пісіріліп, ыстық бауырсақтар таратылды. Мұндай мереке ауылдық округке қарасты Құмөзек, Сарыөзек ауылдарында да жарасымды жалғасын тапты. Ол ауылдағы наурыз мерекесі де есте қаларлықтай қызықты әрі көңілді өтті.
***
Дәл осындай дүбірлеген Наурыз мерекесі Қылышбай, Қызылтал, Бірлік, Кеңес, Биназар ауылдық округтерінде де жоғары деңгейде аталып өтті. Биназар ауылындағы мерекеде есімі көпшілікке белгілі Болатбек Әбішев ақсақал өз жүрегінен шыққан өлең жолдарын көпшілікке оқып берді. Қай ауылда болса да наурыз көже әзірленіп, ыстық бауырсақ пісірілді. Алтыбақан тебіліп, ұлттық спорт ойындары ойналды. Әр жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Ән шырқалып, күй тартылды. Жасы үлкен ақсақалдар бата берді. Көпшілік бірін-бірі Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, шынайы тілектерін арнады. Жанжалдасып жүрген адамдар бір-бірінен кешірім сұрасып, татуласты. Әр ауылда қолөнершілердің жарысы өтіп, салт дәстүр бойынша да үздіктер сынға түсті. Жақсы көрініс қойып, салт-дәстүр мәнін терең аша білген қатысшыларға бағалы сыйлықтар берілді.
Осылайша, дүбірлеп өткізілген Науша Наурыз тойының жас жеткіншектерге берер тағылымы мол. Ауылда жасалған әрбір іс жастарға үлгі. Алтын бесік ауыл – қазақтықтың да ордасы, дәстүрдің, тәрбие мен тағылымның – алтын өзегі! Әр жылға абыроймен, аман-есен жете берейік деген елдің тілектері қабыл болғай!