22 — наурыз Жыл басын мойынқұмдық жұртшылық керемет жоғары көңіл-күйде, үлкен қуанышпен қарсы алды. Барша халықтың тілегін қабыл алғандай күннің көзі де жылып, дала жасыл кілемге оранып, бойжеткеннің жасауындай жайнап кетті. Бұл күні аудан орталығында «Қош келдің, Ұлыс күн!» атты наурыз мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аталып өтті. Орталық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, жастардың қызығатын ойыны «Алтыбақан» құрылды. Үлкен сахна мерекелік іс-шараға лайықталып, әзірленді. Жасыл шарлар мен түрлі көрнекіліктер, бильбордтар айналаға ажар берді.
Барша жұртшылықтың наурыз күнгі қуанышын аудан әкімі Ермек Карентаев бірге бөлісіп, мерекенің ортасынан табылды. Аудан басшысы ең әуелі аудандық кітапхана ұжымы әзірлеген салт-дәстүрлер бұрышымен, кітап көрмесімен танысты. Аталған бұрышта қазақтың салт-дәстүрлері кеңінен қамтылса, кітап көрмесіне ауданымыздан шыққан танымал қаламгерлердің кітаптары қойылды. Аталған көрме жұмысымен аудандық кітапхананың әдіскері Сая Күлекеева таныстырып өтті. Сонымен қатар, ауданға сыйлы әжелер қолөнер бұрышын таныстырумен ерекшеленсе, «Қазақ аналары» қоғамдық ұйымының аудандық филиалы жетекшісі Алмаш Таубазарова аудан әкіміне аламан құрақшылардың қолынан шыққан бұйымдарды көрсетті. Бұл құндылықтарға және оны жасап жүрген шеберлерге аудан әкімі ризашылығын білдірді.
Аудан басшы Ермек Амангелдіұлы ұлттық спорт ойындарына да назар аударды. Өзі де асық ойнап, садақ атты. Ұлттық спортқа деген құрметін көрсетті. Осы тұста аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовтың, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаеваның бағыттаған оқтары ондыққа дөп тигенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, қазақ күресі, кір тасын көтеру, ләңгі тебу, арқан тарту сайыстары бойынша да тартысты сайыстар ел назарын аударды. Аудан әкімі барша киіз үйлерді аралап шығып, қазақы өрнектерге аса мән берді. Ауданға сыйлы ақсақалдармен бірге наурыз көжеден дәм татты. Сонымен қатар, мерекеге жиналған көпшілікті үлкен сахнадан құттықтады.
– Қадірлі жерлестер!
Сіздерді жердің жүзін жасыл нұрға бөлеп, келіп жеткен бүгінгі Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – жаңару мен жаңғыру мерекесі. Табиғаттың түлеп, төңіректің ажарланған кезі. Күн жылынып, көңілдердің серпілген сәті. Салт-дәстүріміз, қазақы құндылықтарымыз көрініс табатын ерекше күн.
Қадірлі көпшілік! Сіздердің қуанған жүздеріңізді, шаттанған көңілдеріңізді көріп, бізде мереке мәнін ерекше сезінудеміз. Өткен жыл ауданымыз үшін табысқа толы болды. Ауданның экономика саласында өсім байқалды. Әлеуметтік салада да жетістіктер жетерлік. Сол табыстарға сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесінде қол жеткіздік. Биылғы жоспарлар одан да ауқымды. Сол жобалардың жүзеге асуына сіздермен бірге қол жеткізетін боламыз. Сіздердің бірліктеріңіз бен берекелеріңіз өте маңызды. Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, молшылық, жақсылық тілеймін. Ырыс оң болсын, ақ мол болсын!, — деді Ермек Амангелдіұлы.
Мұнан соң аудан әкімі мерекеге жиналған барша көпшілікпен бірге арнайы дайындалған концерттік бағдарламалар мен сахналық көріністерді тамашалады. Әуелі аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әз- Наурыздың келуі, мерекенің тағылымдық сипаты жөнінде мазмұнды сахналық көріністерімен ерекшеленді. Әсіресе, олар қыз бен жігіт айтысын ел назарына ұсынып, қазақы ғұрыптарды көрсетті. Әсіресе көпшілікке ерекше әсер қалдырғаны Қыдыр атаның сахнаның артынан көтеріліп, тым биікте халыққа қарап тұрып бата беруі. Міне, жақсы ойдың жемісі болып келген осынау сәтке қалың көпшілік назарын ерекше аударғаны анық.
Патриоттық әндерді орындайтын тараздық «Намат» тобы ортаға шыға келгенде көпшіліктің аямай қол соққанына куә болдық. Себебі, бұл әншілер ерекше стилдерімен облыс аумағында ғана емес, еліміздің өзге аймақтарына барып та өнер көрсетіп жүр. Міне, осы мақтаулы топ мереке күні мойынқұмдықтарға да әннен шашу шашты. Осы сәт барша көпшілік тынышталып, «Намат» тобына назар аударғаны анық. Олардың орындаған әндері кеудені кернеп, жүректерге жетті. Ақ түйенің қарыны жарылған осынау шат-шадыман күнде әжелер ақ кимешек киіп ерекшеленсе, сақалы ақ күмістей ақсақалдарымыз да осынау қуанышқа тілек қосты. Солардың қатарындағы ауданның Құрметті азаматы Бекмұрат Жамбылов ақсақалды сөзге тартқан едік. «Біздің аудан – қазақы, салт-дәстүрді ерекше қастерлейтін аймақ. Оны бүгінгі Наурыз мерекесінен де байқауға болады. Бұл жерде жасы үлкен ақсақалдарға бүлдіршін балалардың келіп амандасуы, қазақтың дәстүрлерінің төрге озуы көрініс тапты. Патриоттық әндер, тәрбиелік мәні бар көріністер көңілімізден шықты. Біздер ақсақалдар тәрбие жағына ерекше мән береміз. Ұлттық спорттық ойындар да әдемі ұйымдастырылды. Сондықтан, бұл мерекенің ұйымдастырылуын жоғары бағалаймын, — дейді ол. Бұл орайда аудан әкімдігі ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің ұйымдастырудағы белсенділіктерін айта кеткеніміз жөн.
Спорттық ойындар аса қызықты өтті. Барша балуандар мен спортшылардың өнері көпшілікке жағымды әсер қалдырды. Қазақтың көкпары мен бәйгесімен пара-пар спорт – қазақ күресі. Қазақ күресі де рухтанбайтын, қанатын қомдамайтын адам жоқ. Бұл жолы да солай болды. Қазақ күресі бойынша мойынқұмдық Сұлтан Зарықпай ақтық сында Күшаман ауылынан келген Аслан Сазанбайды ұтып, чемпион атанды. Аслан Сазанбай екінші орынды қанағат тұтса, жүлделі үшінші орынға күшамандық Алғабек Нұрлыбек ие болды. Арқан тарту сайысы бойынша Күшаман ауылы жеңімпаз атанды. Олар финалда Көкжелек ауылының азаматтарынан басым түссе, жүлделі үшінші орынды Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп–лицейінің жастары жеңіп алды. Қол күресінен Нұрлыбек Алғабек жеңістің ең биік түғырынан көрінді. Ол финалда Айдар Раевты қапы қалдырды. Екінші жүлде Айдар Раевқа бұйырса, жүлделі үшінші орынды Күшаман ауылының мақтанышы Аслан Сазанбай иеленді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, сыйлық, медальдармен марапатталды.
Келесі кезекте аудандық өнер және қосымша білім беру мектебі және қосымша білім беруге арналған орталықтар, білім беру мекемелері ел алдына шығып, өнерлерін көрсетіп жатты. Барлық мекемелер ән әуелетіп, күй төкті. Бишілер де сахнаға сән берді. Баршасы қазақтың салт- дәстүрлерінен көрініс көрсетіп, өз өнерлерімен ерекшеленді. Мерекеге көрік берген осынау ұжымдардың өнерін құрамында ауданның Құрметті азаматы Мұханбетқұл Сабыров және кітапхана саласының үздіктері Гүлсім Нарбаева, Ғалия Шубаева бар қазылар алқасы бағалады. «Бұл іс-шараға қатысқан ұжымдардың баршасы жоғары дайындықпен келіпті. Сол жағына қуандық. Әсіресе, аудандық өнер және қосымша білім беру мектебінің билері өте сәтті шықты. Олар өздерінің көрсетемін деген ерекшеліктерін әдемі бимен өрнектеп отырды. Жамбыл атындағы мектеп — гимназия күн мен түннің теңелуін өте жақсы сипаттаса, Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-лицейі тайқазанға қатысты тамаша көрініс көрсетті.
Т.Рысқұлов атындағы орта мектебі қазақтың ұлттық ойындарын көрсету арқылы қыз баланың ұзатылуы, жеңге мен қайынның сырласуы, ата-ананың өнегесі, ер баланың тәрбиесіне қатысты құндылықтарды аша білді. Экология орталығы ерте замандағы қазақ халқының жасыл жайлауға қонуы, тұнық табиғатпен сырласуы секілді құндылықтарды назарға алған екен. Олардың әндері мен көріністері көңілімізден шықты», — дейді қазылар алқасының мүшесі Гүлсім Нарбаева.
Өнер көрсеткен ұжымдарды марапаттау сәтін аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев пен қазылар алқасының мүшелері жүргізді. Қазылар алқасының шешімімен мерекеде өнер көрсеткен 9 ұжымның барлығы да арнайы дипломмен марапатталып, құрметке ие болды. Себебі, өнер ұжымдарының дайындығы жоғары, бірінен бірі өтеді. Әр ұжымның дайындығы мен еңбегі, мерекеге деген құрметі ескерілді.
Мереке – тұрғындар үшін өтеді. Арнайы сахналық қойылым мен концерт біткеннен кейін де мереке одан әрі қарай жалғасты. Көпшілік арнайы көрмелерді тамашалап, ұлттық спорттық ойындарға назар аударды. Әр үйге кіріп немесе үй жанындағы шатырларда тегін таратылған наурыз көжелерден дәм татты. Сонымен қатар, сауданың да бәсі қызып жатты. Осылайша, Мойынқұм жерінде ұйымдастырылған Наурыздың әсері кешке дейін басылмай, бұл күн тұрғындардың ғажайып мерекесіне айналды.