Аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен өткен аудандық аппараттық кеңесі 2026 жылдың наурыз айындағы референдумға белсене қатысқан үздіктерді марапаттаумен басталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты белсенді азамат Мейірхан Жайлауға, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиевке берілсе, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен мемлекеттік қызметтің ардагері Мұратхан Естаев марапатталды. Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ақсана Қалыбаеваның белсенді жұмысы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен бағаланды. Мұратхан Естаев барша марапат иелерінің атынан Президентімізге, облыс, аудан әкіміне ризашылығын білдірді. Аталған белсенді азаматтарға марапатты аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы тапсырды.
Маңызды жиын осылай марапатпен басталғанымен, қаралған мәселелер күрделі болды. Аудан әкімі арқаны кеңге салып, босаңсып жүрген бірқатар басшы азаматтарды сілкілеп алды. Жауапсыздарға алдағы уақытта да аяушылық бола қоймайтынын ашық айтты.
Жиында алғашқы болып аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Төлегенов баяндама жасап, «Таза Қазақстан» тазалық акциясы аясында аудан орталығында және ауылдық округтерде жүргізілген сенбілік жұмыстарының қорытындысы туралы айтып өтті. Аталған тазалық жұмыстарына жалпы 350 адам жұмылдырылып, 20 техника үздіксіз жұмыс жүргізген. Нәтижесінде бірқатар тазалық жұмыстарына қол жетті. Дегенмен, аудан орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы қараусыз қалып тұрғаны, Айтбай Назарбеков ауылында ерте көктемнен бері бір түп жас шыбық егілмегені көңілге қонбайды. Ойын алаңшаларының талапқа сай еместігі, Шығанақ ауылдық округінде кездеседі. Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков сөз алып, «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында тиісті адамдарды ұйымдастырып, Хантау жеріндегі бұлақтардың көзін ашсақ деген ұсыныс қолдау тапты.
Келесі сәтте аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Нәдірғожин Конга-қырым жарасы 13 елдімекенде тіркелгені, осы қауіпті мәселеге сергек қарауымыз керектігі туралы айтты. Сонымен қатар, аудан бойынша қазіргі таңда 4 мың 500 гектарға егіс егу жоспарланып, әсіресе жүгері дақылына басымдық көбірек беріліп отырғанын тілге тиек етті.
Аппараттық кеңесте аудан әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков аудан аумағында тіркелген шетел азаматтары туралы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақпал Шубаева этносаралық ахуалды және дін саласына қатысты мәселелерді айтып өтті.
Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Кеншімов қаржы мәселесіне қатысты қысқаша баяндап өтті.
Жиында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қазыбек Бейімбетов аудан аумағындағы мәдени-рухани жұмыстар, ұлт өкілдері арасындағы татулық туралы баяндады. Сонымен қатар, ауданның 60 жылдығы және Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығына дайындық жұмыстары туралы қысқаша есеп берді. Алайда, аудан әкімі Ермек Карентаевтың аталған баяндамаға көңілі толмай, жауапты бөлім басшысына келесі аппарттық кеңеске нақты жауап, сапалы дайындықпен келуді тапсырды. Жиында мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, Хантау ауылдық округінің әкімі Әнуар Сейітқазиев, Биназар ауылдық округінің әкімі Қамбар Атаев, Қарабөгет ауылдық округінің әкімі Бағдат Сатыбалдиев қараусыз қалған мал иелерінің жауапсыздығы, егістікке су апаратын каналдарды тазалау, қажеттіліктерге қаржы бөлу мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты.
Аппараттық кеңес барысында жұмыстарына салғырт қараған, келісім-шарттарды уақтылы жасамаған Қызылтал ауылдық округінің әкімі Думан Атаевқа, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ақсана Қалыбаеваға, Мирный ауылының әкімі Айжан Оспанқұловаға, Қызылотау ауылдық округінің әкімі Жандос Қуантаевқа қатаң сөгіс және сөгіс түрлерінде жаза қолданылатыны туралы айтылды. Аппараттық кеңес жұмысын аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы қорытындылап: «Сіздерге жауапты мемлекеттік жұмыс жүктелген. Ол – халықтың аманаты. Осы кезге дейін сіздерге уақыт пен мүмкіндік бердік. Енді ондай кеңшілікке, жауапсыздыққа жол жоқ. Араларыңызда екі-үш округ әкімі ғана шамалы белсенді. Өзгелеріңіз жұмысты мүлдем тоқтатқансыздар. Талап – біреу. Не ұйқыдан оянып, жұмысты жолға қоясыздар. Олай болмаған жағдайда алдағы уақытта бірқатар ауылдық округ әкімдері жайлы орындарымен қоштасады. Бұл – уақыт талабы» деді.
Осындай нақты талап қойылған соң барлық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері жұмысты ширатады деген сенімдеміз.