Мойынқұм таңы

Еңбегі сіңген азаматтардың есімдері ұмытылмайды

0 18

Ауданның алыстан тамыр тартатын тарихында әр салада ерен еңбек еткен тұлғалар болды. Олар Мойынқұмның гүлденуі үшін өздерінің еселі еңбектерін арнады. Уақытпен санаспай, жас ұрпақтың тәрбиесі үшін, ауылдың дамуы жолында тәжірибелерін ортаға салып, тер төкті. Олардың есімдері ұмытылуға тиісті емес. Оны бүгінгі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырып жүрген азаматтар да жақсы түсінеді.

Аудан орталығындағы еңселі Спорт кешенінде білім саласындағы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен дүниеден озған мектеп, колледж, балабақша басшыларын еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир өткізілді. Турнирді аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нурадинов ашты. «Бүгінгі іс-шараның мәні бөлек, тағылымы жоғары. Бұл – кезекті спорт жарысы ғана емес, осы ауданның дамуына еңбегін арнаған алдыңғы толқын аға-әпкелеріміздің рухына құрмет. Ауданымыздың 60 жылдығы тойланатын тұста аудан тұрғындарына және жас ұрпаққа үлгі боларлық іс. Сондықтан, ұйымдастырушыларға аудан әкімі Ермек Карентаевтың атынан алғысымды білдіре отырып, жарысқа сәттілік тілеймін!,- деді Әлібек Нығыметуллаұлы.

Іс-шараның тағылымдық мәніне тоқ­талсақ, спорт кешенінің ішінде өмірден өткен білім саласы басшыларының фо­тогалереясы ұйымдастырылып, 65 портрет қойылды, өмірден өткен басшыларды еске алуға арналған дастархан басында құран оқылып, олардың есімдері аталды. Осы волейболдан өткізілген турнирге қазір зейнетке шыққан төмендегі ардагер ұстаздар, басшылар, аудандық білім бөлімінің басшылары Сағынбек Әшірбеков, Ерқадыр Жұмабаев, Мақсат Сейдалиев, Ғалия Асатова, Фатима Базарбековалар қонақ ретінде шақырылып, мектеп ди­ректорлары, балабақша меңгерушілері тарапынан сый-сияпат жасалды.

Кезінде М.Жұмабаев мектеп-лицейінде директор болып қызмет атқарған Райхерт Лидия Александровна да Германиядан өзінің құттықтауын, тілегін әлеуметтік желі арқылы жеткізгенін атап өткен жөн.

Турнирге ауданның барлық мектеп­терінен педагогтардан құралған 15 ко­манда қатысты. Турнир Спорт кешенінде, Т.Рысқұлов тірек мектебінің спорт залында, 3 топқа бөлініп өткізілді. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне бұқаралық спортты дамыту орталығының директоры Жұмағұлов Темірхан Әділханұлы өзінің үлкен үлесін қосты. Сонымен қатар, №23 спорт мектебінің директоры Сүйкімбеков Бақытжан Бақытұлы да іс-шараға ерекше мән беріп, ықпал етті. Сондықтан, бұл турнирдің жарыс кезінде де қызықты, тағылымды сәті көп болды. Тартысты өткен турнирде бірінші орынды М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейі жеңіп алса, екінші орынды Жамбыл мектеп-гимназиясы олжалады. Ал үшінші орынды намыстан жаралған азаматтардан құралған Ы.Алтынсарин орта мектебі иеленді. Жеңімпаздарға білім қызметкерлері кә­сіподағы комитетінің төрағасы Махамедов Бахтияр Жақыпбайұлы арнайы кубоктар, бағалы сыйлықтар тапсырды және қолдау көрсетті.

Жүлделі орын алған командаларға Насуха Көшербаевтың ұрпақтары, білім саласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынғали Аманов қаржылай сыйлықтар тапсырды.

Өмірден өткен білім мекемелерінің бас­шыларының ұрпақтарына, бауырларына, барлығы 100 адамға арналған дастархан басында өздерінің тілектерін, естеліктерін айтып, турнирді ұйымдастырушы аудандық білім беру саласындағы ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Сағынғали Жұмабайұлы Амановқа алғыстарын айтты.

– Өмір деген осы. Сағымдай зымырап өтеді. Осы еске алып отырған кісілердің көпшілігімен қызметте бірге еңбек еттік. Сыйластыққа толы талай жылдарды бастан кештік. Олардың барлығы ісіне адал, ұйымдастырушылығы жоғары, елін, ауылын сүйетін, мамандығын жақсы көретін, биік өрелі азаматтар мен азаматшалар еді. Пейіште нұрлары шалқысын. Олар жасап кеткен ізгі істер ұмытылмайды. Есімдері елдің жүрегінде ұзақ жасай береді,- дейді іс-шараны ұйымдастырушы Сағынғали Жұмабайұлы.