Мойынқұм таңы

Ақсүйек – тарихы терең, болашағы нық ауыл

0 15

Ауыл – қазақылықтың қаймағы, шынайылықтың шырағы. Біздің тарихымыз бен болмысымыздың – алтын ошағы. Сол қазақы ортадан қасиет пен өсиетті де, атаны да, батаны да табасың. Біз ауданымыздың өндірістік бағыттағы шалғай нүктелерінің бірі Ақсүйек ауылы туралы жазар кезде осылай бір толғандық. Бұл ауыл туралы айтылар әңгіме көп. Аталған ауылды бүгінгі таңда іскер азамат Ғани Жүнісов абыройлы басқарып отыр.

Мойынқұм өңірінің шеткері аймағында орналасқан Ақсүйек ауылы – тағдырлы тарихы мен еңбекқор халқы бар ерекше елдімекен. Бүгінгі күні шағын ауыл ретінде танылғанымен, оның іргетасы сонау 1956 жылы қаланған. Сол кезеңде бұл жер 1951 жылы ашылған уран кен орнының негізінде бой көтерген жұмысшы кенті болатын. Сонда өзіңіз есептей беріңіз, кент ретінде 75 жыл, ауыл ретінде 70 жыл тарихы бар екені тайға таңба басқандай шыға келеді. 75 жылдық тарихы бар елдімекеннің, әрине, құндылықтары көп болады. Тек сол қасиеттердің байыбына барып, ерек­шеліктерін тани білсек.

Кеңес дәуірінде Ақсүйек «шөлдегі оазис» атанған үлгілі елдімекендердің бірі еді. Қысқа уақыт ішінде мұнда тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, дүкендер мен түрлі кәсіпорындар салынып, адамдары жайнаған, тіршілігі қайнаған орталыққа айналды. Ауыл­дың негізгі тірегі – уран өндіретін кеніш болды. Бұл кәсіпорында өндірілген уран рудасы өңделіп, ел экономикасына өз үлесін қосты.

Уақыт ағымымен бірге елдімекеннің де тынысы өзгерді. Бүгінде Ақсүйек – жаңару мен даму жолына түскен ауылдардың бірі. Ауыл әкімі Ғани Спартакұлы – істің адамы екенін жоғарыда айттық. Ол 1979 жылдың 15 қыркүйегінде дүниеге келген. 2022 жылдың 25 шілдесінде ауыл әкімі қызметіне сайланып, содан бері ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ауыл болған соң, мәселелері де аз болмайды. Ол – түрлі деңгейде шешіледі. Бірқатар мәселеге уақыт керек болады. Бірақ, өз қолынан келетін жұмыстарға Ғани әкім аянып жатқан жоқ. Екі білегін түріп, шындап кірісуде. Сондықтан, ауылда көзге көрініп тұрған өнегелі жұмыстар да бар. Ондай істерді ауыл тұрғындары да бағалап отыр. Ауылдың ынтымағы мен бірлігі, айрандай ұйыған татулығы туралы да көп сөз айтуға болады.

Соңғы жылдары Ақсүйекте бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жү­зеге асырылуда. Атап айтқанда, 2022 жылы ауылда жаңа су құбырының құрылысы басталды. Жоба толық аяқталмағанына қарамастан, бүгінде ауыл тұрғындары тәулік бойы, 24 сағат үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. Шалғай жатқан Ақсүйек ауылына тәулігіне 24 сағат су келу дегеніңіз – үлкен жетістік. Бұл тұрғындардың жағ­дайымен ауылдың игі –жақсылары сана­сатынын білдіреді.

Сонымен қатар, 2025 жылы ауылдағы электр желілерін жаңарту жұмыстары жүр­гізіліп, электр бағандарының 85 пайызы толықтай ауыстырылды. Бұл шаралар ауылдағы электрмен жабдықтау сапасын жақсартып, қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізді. Былтыр ауылдың үш негізгі көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол сапасы едәуір жақсарды.

МИНИСТР МЕКТЕП МҰҒАЛІМІН ҚҰРМЕТТЕДІ
Ақсүйек ауылында білім мен тәрбие саласына да ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда «Сказка» бөбекжай — бақшасы жұмыс істейді. Бұл мекемеде өз ісіне адал, балалар тәрбиесіне жан-тәнімен берілген мамандар еңбек етуде. Сонымен қатар, ауылда орта мектеп те бар. Ауылдың шалғай орналасқанына қарамастан, мұндағы ұстаздар түрлі білім беру іс-шараларына белсенді қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Солардың бірі – бастауыш сынып мұ­ғалімі Естаева Бибіжан Алдасүгірқызы. Ол білім саласындағы елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім министрі Жұлдыз Сүлейменованың қолынан «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалін иеленді. Бұл марапат «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызының ұсынысымен берілгені – ауыл мұғалімдерінің еңбегіне көрсетілген жоғары баға.

Ақсүйек – өткенін құрметтеп, болашағына сеніммен қарайтын ауыл. Оның тарихы – еңбек пен табандылықтың айғағы болса, бүгінгі жетістіктері – бірлік пен жүйелі жұ­мыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл ауылдың көркейіп, дамудың даңғыл жолымен ілгерілей беретініне сенім мол.

АҚСАҚАЛДАРЫ
АҒАШ ЕГУден АЯНБАҒАН

Әр ауылдың көгеріп, көктегені өзекті. Табиғатқа жанашырлықпен қарау Ақсүйек ауылында да жақсы жолға қойылған. Осы ауылда ауданға есімі белгілі азамат, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Алтынбек Жағанов тұрады.
Алтынбек Рысымбетұлы аталған ауыл­дың өсіп-өркендеуіне, қоғамдық жұмыс­тарға белсене қатысып жүр. Ол ауылдық ардагерлер кеңестің төрағасы. Өткен ға­сырдың жетпісінші жылдары арнайы жолда­мамен келген жас еңбекке араласқан алғашқы күнінен бастап-ақ ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосты. Білім, ақпарат, өндіріс салаларында ауыз толтырып айтатын із қалдырды. Бүгінде зейнет жасында болса да, туған жеріне деген жанашырлығы мен қамқорлығы кеміген емес. 2026 жылы өз қаражаты есебінен 100 түп ағаш көшетін алып, Ақсүйек ауылын көгалдандыруға демеушілік жасады. Атап айтқанда, 50 түп ақ терек, 50 түп катальпа көшетін өзі мектеп оқушыларын ұйымдастырып, егіп тастады. Бұл игі іс – оның өз жеріне деген шынайы сүйіспеншілігінің дәлелі.

Алтынбек ағай мектеп мұғалімі ретінде де көптеген жетістіктерге жетті. Оқушылары аудандық, облыстық олимпиадалар мен байқауларда жеңіске жетіп, жүлде алды. Әрине, оның бәрі ұстаздың да белсенді жұмысының жемісі екені анық.

Алтынбек Жағанов – тек ұстаз ғана емес, ол – қоғам белсендісі, ауылын ардақтаған азамат. Оның өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі.

Ардагер ұстаз еккен, ұйымдастырып ектірген көшеттің тағылымдық мәні бар. Жылдар өтеді, көшет көгеріп алып талға айналады. Бүгінгі оқушы балалар ертең үлкен азаматтар болып өседі. Сол кезде осы еңбектің жемісі көрінеді. Түлектер ауылын сағынып келгенде жасыл талға оранып тұрған елдімекенін көреді. Оны көрудің өзі – үлкен бақыт. Осы аз ғана еңбектің өзінде ауыл көгерсін, айналамыз көркейсін деген ізгі ниет бар. Сол ізгілік шәкірттерге де әсер етіп жатыр. Ертең олар есейгенде де Алтынбек ата­ларының және өзге де ұстаздарының ауылға құрметі мен ізгі қасиеттерін ұмытпай, жүректерінде дамытады. Ол кейінірек өзі туып өскен мекенге деген мәңгілік құндылыққа, жоғары құрметке айналады. Осының бәріне себеп – ардагер Жағанов бастаған үлкен кісілердің жақсы ниеті. Бұл сөз жоқ, жақсы іс, айтылып жүрер өнеге.

–Көктем – табиғатқа жанашырлық көр­­­сететін мезгіл. Күннің көзі жылт етіп жы­лығанда барша тұрғындар тазалық жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Мен тал көшеттерін отырғызып, күтіп баптағанды жақсы көремін. Өз ауламда да өзім отырғызған көшеттер өсіп, үлкен алып талға айналып тұр. Оның көлеңкесі – жанға сая, жапырағынан самал еседі. Жасыл талдан бөлінетін жағымды факторлар өте көп. Же­міс талдардың жөні бір бөлек. Сондықтан, биыл ауылдың көрікті жеріне 100 түп көшет отырғызып, демеуші болғаныма қуанамын. Теректер өсіп зәулім талға айналсын. Сол көшеттерді бізбен бірге отырғызып кө­мектескен ауыл балалары да өскіндермен бірге өсіп, армандарына жетіп, ормандай көгеріп көктесін. Осы жасқа келгенде біздің қолымыздан келетіні – жастарға бата беру, тілеулес болу, -дейді табиғатқа жанашыр ақсақал.

Ақсақалы – еңбекқор, әжелері – өсиетті бұл ауылда құндылықтардың бәрі бар. Ағалардың үлгілі істері өз алдына, аңқылдаған жеңгелердің асыл істері әркімнің көңіліне майдай жағады. Шағын ауылдың ынтымағы мен татулығы талайды қызықтырып келеді. Ұзағынан бола бергей! Бұл ауыл ауданымыздың 60 жылдық тойына жүргізуде.

– Біздің ауылдың ынтымағы жарасқан. Күн жылынса болды, тазалық жұмыстары басталады. Оған тұрғындардың бәрі де белсенді қатысады. Себебі, тазалық әр адамның көңіліне қуаныш сыйлайды. Тазалық бар жерде тағылым мен жақсы үлгі бар. Жастарды жақсы қасиеттерге баулу, табиғаттың жанашыры болуға шақыру – жақсы қадам. Біздің ауыл жастары қоршаған ортаны ластамауды, табиғатты қадірлеуді жақсы түсінеді. Ауыл балалары еңбекке жақын жүріп өседі. Көшеттердің егілуі үлкен ұлғататты іс. Бұл бастаманы алдағы жылдары басқа да ауылдастар қолдап, туған жерге деген жанашырлықтарын көрсете береді деп ойлаймын,–дейді Ақсүйек ауылының әкімі Ғани Спартакұлы.