Ауданымызда көп жасаған, өз дәуірлерінде түрлі жауапты қызметтер атқарған ақсақалдар аз емес. Балалық кезеңдері Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келіп, ойнамай өскен, ерте есейген толқын да – міне, осылар! 9 мамыр Жеңіс күні мерекесіне орай және ауданымыздың 60 жылдық мерекесі қарсаңында аудан әкімі Ермек Карентаев бірнеше тыл ардагерінің шаңырағына барып, құттықтап, құрмет көрсетті.
Әуелі аудан басшысы бастаған құрам Шора Әміреқұлов атаның шаңырағына атбасын тіреді. Тоқсанның ауылына жеткен бұл қария – ауданның Құрметті азаматы, бұрынғы кіші Қамқалы ауылында ұзақ жыл мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Зайыбы «Алтын алқа» иегері Мемлекет Ибраева екеуі 7 ұл — қыздан 19 немере, 23 шөбере сүйіп отыр. Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы тыл ардагерінің кеудесіне «Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл» мерекелік медалін тағып, шапан жапты, отбасына жемістерге толы дәм себетін ұсынды. Аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Мұханбетқұл Сабыров және өзге де жауапты азаматтар аудан әкімімен бірге жүрді.
– Арнайы елеп, құрметтеп келгендеріңіз үшін рақмет. Басшының сан алуан жұмысы бар. Маған уақыт тауып, көңіл бөлгендеріңізге ризамын. Жас күнімізде ұстаз болып білім саласында еңбек еттік. Мектеп басқардық, ауылдық кеңеске төраға болдық. Өкімет еңбегімімді ескеріп, бірнеше марапат берді. Қазір мемлекетіміз бейбіт жағдайда жақсы жолмен дамып келеді. Мемлекет басшысының кең ойлайтыны, байқампаздығы, үлкен жаңашыл жұмыстар жүргізіп жатқаны қуантады. Сол үлкен мұрат жолында облыста да, ауданымызда да жұмыстар сәтті жүріп жатыр. Жастар аман болсын, еліміз бейбіт, жас ұрпақтың заманы тыныш болсын, -деді көпті көрген көнекөз қария Шора Әміреқұлов. Аудан әкімі де ақсақалдың батасы мен жақсы өсиеті, атқарған ұзақ жылғы адал қызметі үшін алғысын білдірді.
Мұнан соң аудан әкімі тыл ардагері, 90 жастағы қария, ұзақ жылдар көлік жүргізушісі болған еңбек адамы Орынбасар Отыншиевтің шаңырағында болып, мерекелік медаль тапсырып, құттықтауын жеткізді.
Ермек Амангелдіұлы дәл осындай құрметті тыл ардагері, ұзақ жыл көлік жүргізушісі болған Төреш Жүнісбеков ақсақалдың да шаңырағына барып көрсетті. «13 жасымнан көлік жүргіздім. Ол заманда шопырдың оқуын ертерек оқыта береді. Маманның тапшы кезі. Ұзақ жылдар көлік жүргізіп, кейіннен кеңшардың ішінде төменгі басшылық қызметті де атқардым. Қазір 89 жастамын. Өзім жоғары оқу орнында оқымасам да ұл-қыздарымды, немерелерімді оқыттым. Ұрпақтарымның бүгінгі жаңашыл заманға ілесіп жатқан қадамдарына шүкіршілік етемін. Қазір – өте жақсы заман. Осы бейбіт күннің бағасын біліп, еліміздің әр азаматы патриот болып, мемлекетіміз дами берсін. Жас ұрпақтың жолдары ашық болып, арман-тілектеріне жете берсін, — деді ұлағатты ақсақал Төреш Сейдахметұлы.
Аудан басшысы да ақсақалдың тәрбиелік мәні зор сөздерін тыңдап, өсиеті мен жақсы тілегі үшін рақметін айтты.