Мойынқұм таңы

Отаншылдық бәрінен қымбат

0 3

Мемлекеттік рәміздер күніне орай аудандық білім бөліміне қарасты Аула клубы мемлекеттік мекемесінде «Отаным– ардақты мекенім!» атты патриоттық іс–шарасы өтті.

Іс-шараны аталған қосымша білім беру мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абзал Сұлтанов ашып, ұстаздар мен оқушыларға мемлекетіміздің мәртебесі, рәміздердің мән-маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. «Мемлекеттік рәміздер елімізде 1992 жылы бекітілді. Сондықтан, бұл күн мереке ретінде белгіленді. Балалар сендер Тәуелсіздіктің бағасын білулеріңіз қажет. Елдің еркіндігі үлкен істермен, мемлекет болып бастан кешкен қиындықтармен келді. Сол кездегі мемлекетімізді басқарған қайраткер азаматтар ұйқы мен күлкі көрмей еңбек етіп, Тәуелсіз мемлекетті құрды. Енді біз бен сіздің міндетіміз – жеке мемлекет болған елімізге өзіміздің жақсы ісімізбен үлес қосу. Сабақтарыңды жақсы оқу – мемлекеттің дамуына қосылған үлес, тәртіпті болу да, Отанды жақсы көру де – мемлекеттің алға басуына көрсеткен көмектерің. Патриоттық Отанды құрметтеуден, мемлекеттік рәміздерді ардақтаудан басталады. Біз сіздердің патриот екендеріңізге сенім білдіреміз»,- деді Абзал Тұрарұлы. Патриоттық тәрбие сағатында үйірме жетекшісі, үлгілі ұстаз Әсем Асқарова өзінің әсерлі ойымен бөліссе, озат және үлгілі оқушылар Айназ Шынболат, Айару Мейрамбек, Фатима Шынболат, Әзиза Әбдікерім осы тәрбие сағатынан үлкен әсер алғандарын айтты. Олар Тәуелсіз еліміздің дамуына өздерінің үздік оқып, қоғамдық істерге белсене қатысуымен үлес қосатындарын айтып, рәміздердің құндылықтарын көңілдеріне түйді.