Биназар ауылдық округінде өткен сайлаудың нақты қорытындысы шықты. Ауылдық округ әкімі болып басым дауыс жинаған Қамбар Атаев қайта сайланды. Бұл оның төрт жыл бойы атқарған сапалы жұмысының жемісі.
Ауылдық округ әкімінің сайлауының қорытындысына орай аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев Биназар ауылына барды. Ол ауылдық округтің қайта сайланған жаңа әкімі Қамбар Атаевты қызметімен құттықтап, аудан әкімінің атынан бірқатар міндеттер мен тапсырмалар жүктеді. Аталған ауылда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жер телімімен қамту, ауыл халқының өзге де мәселелерін шешу өзекті.
Округ әкімі өзіне сенім білдірген ауыл тұрғындарына, қолдау білдірген аудан әкімі Ермек Карентаевқа және аудандық сайлау комиссиясына өзінің алғысын білдіріп, Мейірхан Берікұлына да алғысын жеткізді.
– Бұл қызметті мұның алдында да атқарып келгендігімнен жауапкершіліктің қаншалықты жоғары екенін білемін. Халықтың сенімінен артық құрмет жоқ. Аудан әкімінің тапсырмаларын нақты назарға ала отырып, ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына бар күшімді саламын, –деді ауылдық округ әкімі Қамбар Атаев.