Мойынқұм таңы

Тазалық жауапкершіліктен басталады

0 14

«Тазалық – таза жерде емес, тазалықты сақтаған жерде болады» деген сөз бар. Ауылға және қоршаған ортаға деген жанашырлық экология мәселесінің сақталуына жол ашады. Мемлекет басшысының бастамасымен бірнеше жылдан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында талай игі жұмыстар қолға алынып, тазалыққа кеңінен жол ашылды.

Ауданымызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпыаудандық сенбілік ұйым­дастырылды. Тазалық шарасына аудан әкімі Ермек Карентаев және аудан әкімінің орынбасарлары, әкімдікке қарасты бөлімдер мен мекемелердің басшылары және қызметкерлері қатысты. Ауылдың қоғамдық орындарын, көше бойларын және белгіленген аумақтарды абаттандыру жұмыстарына атсалысты.

Сенбілік барысында жабайы шөп­тер шабылып, қураған бұтақтар мен тұрмыстық қалдықтар жиналды, жол жиектері мен қоғамдық орындар тазар­тылды. Аудан әкімі де тазалық жұмыстарына тікелей қатысып, ортақ іске үлес қосты. Тазалау жұмыстарынан кейін Ермек Амангелдіұлы ауыл аумағын аралап, санитарлық жағдай мен абаттандыру жұмыстарының барысын зерделеді. Аудан басшысы өзі де қолына күрек ұстап, тазалық жұмысына тікелей үлесін қосты.

Бірқатар көшелер мен қоғамдық аумақтарды көріп, жауапты сала бас­шыларына тазалықты тұрақты бақылауда ұстау, жиналған қоқысты уақытылы шығару, қараусыз қалған аумақтарды ретке келтіру және елді мекеннің көркін жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берді.

Аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы: «Сенбілікті сенбі күнгі тазалық жасау жұмыстарымен шектелмеуі керек. Әрбір мекеме мен тұрғын өзі тұратын пәтерін және қызмет істейтін мекемесінің айналасын тазалауға көңіл аударуы керек. Тазалық әрқашанда керек. Бүгін сенбілік жұмысына қатысып жатқан баршаңызға алғыс білдіремін», –деді .