Тойдың бағдарламасына сәйкес қызу іс-шара, құнды сәттермен басталды. Тойға келген барша зиялы азаматтар мен қонақтар осынау мекеннің алғашқы іргетасын қалаған, ен далада ерекше терін төгіп еңбек еткен дара тұлғаларын ұмытқан жоқ. Солардың рухына құрмет көрсетуді өздеріне парыз санады.
Тұлғалар рухына тағзым
Жазылбек Қуанышбаев атындағы аудандық тарихи — өлкетану музейінің жанында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевқа еңселі ескерткіш орнатылған. Дәл сол ескерткіштің артына даңқты шопан жерленген. Бұл жерде сонымен қатар он Социалистік Еңбек ерлерінің есімдері жазылып, тақтайшаға суреттері ілінген. Осы алаңда ауданның алғашқы басшысы, өңірдің қалыптасуына зор еңбек сіңірген Айтбай Назарбековтің де ескерткіші бар.
Сенбі күні таңертең Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған зиялы қауым, қонақтар, аталған қайраткерлер мен Еңбек ерлерінің ұрпақтары, ардақты ақсақалдар, ауыл тұрғындары аталған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Тұлғалар рухына тағзым етті. Мұнан соң аудандық мешіттің бас имамы Ержан Көшкімбай есімдері елге сыйлы кісілердің рухына арнап, құран бағыштады. Барша көпшілік қасиетті құранға қол жайып, бас имаммен бірге елмен жердің амандығын, Мойынқұмның одан әрі өсіп-өркендеуін тіледі. «Жаз-атаның, Айтбай әкеме көрсетілген құрметке ерекше толқып отырмын. Аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған барлық ұйымдастырушы азаматтарға мың алғыс айтамын»,- дейді Тараз қаласының Құрметті азаматы Күләш Назарбекова.
Этно ауылға сапар: той қызығы жырменен
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған қонақтарды тойдың негізгі бағдармалары өтетін Этно ауылда елімізге есімдері белгілі айтыс ақындары жыр шашумен қарсы алды. Атап айтқанда, түбі мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов:
Саясы сан адамға пана берген,
Барша жұрт керемет деп баға берген.
Мойынқұм алпыс жасың құтты болсын,
Жаңа шыққан заттай боп жаңа келген.
Алайда сенің тарихың тым тереңде,
Көрінген Хандық құрып бабам өрден.
Мойынқұм жердің жүзін шарласам да,
Сенен артық жер таппаспын бар әлемнен,– деп толғанса, азулы Асхат Қылышбек:
Ассалаумағалейкум! Құтты да болсын той, жұртым!
Береке қонып басына, Бақ дарып жатқан Мойынқұм!
Елім үшін ерен іс, Атқарып жатқан Мойынқұм!
Сауытбек пен Жидебай,Қылышбайдан қазына,
Хат қалып жатқан Мойынқұм.
Биназар болып жауына, Аттанып жатқан Мойынқұм!
Жаз-атаммен жаһанға,мақтанып жатқан Мойынқұм!
Рысқұлбеков Қайрат боп,
Азаттықты алаңда Ап қалып жатқан Мойынқұм!
Шәмші әнінің қаймағы, Мойынқұмда жайлауы,
Ән боп әрбір жүректе жатталып жатқан Мойынқұм!,–деп жыр төкті. Әрине, бұл көріністің өзі топырағында Жамбыл Жабаев туған өңірдің өлең жырға деген құрметін байқатты. Тойға келген қонақтар мен барша көпшіліктің көңілін көтергені де анық. Мұнан соң қонақтар қазқатар тігілген киіз үйлерді аралап, құндылықтармен танысты. Көрмелерді аралады.
Аудандық «Мойынқұм таңы» газетіне 60 жыл
Биыл жоғарыда айтылған қос тоймен бірге аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің де 60 жылдығы тойлануда. «Мойынқұм таңы» газеті ең алғаш 1965 жылы 1 шілде күні бас редактор Төлен Аймағанбетов ақсақалдың басшылығымен жарық көріп оқырманға жол тартқан. Осы уақыт аралығында газетті 8 кісі басқарды. Оның ішінде Берікбай Қадықовтың — 21 жыл, Серік Әлімбетовтің — 18 жыл, Сүндетулла Әбіловтің — 12 жыл басқарғанын айта кеткеніміз жөн. Осы тойға Алматыдан Берікбай Қадықов ағайдың, Тараз қаласынан Сүндетулла Әбілов, осы газетте еңбек еткен, қазіргі таңда облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Иембердиевтің, газет ардагері Әкебай Ертаевтың келуі мерейтойдың маңызын жоғарылатып, мәртебесін биіктеткені анық. Осы кезге дейін «Мойынқұм таңы» газетінің 7 мың 219 нөмірі жарық көрген екен. Газет құрылтайшысы – «Салық тәртібі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас редактор кеңесінің төрағасы Ғалым Қасабай. Сонымен қатар басылым аудан әкімі Ермек Карентаевтың тікелей қолдауымен жарық көреді. Қазір аптасына екі рет 3 мың дана таралыммен қалың оқырманның рухани шамшырағына айналған. Қазіргі таңда газетті ардагер журналист Жолдыбай Дәметов, есепші Гүлнар Қибаева, бөлім меңгерушісі Гүлмира Наурызбаева, корректор Арай Серікқызы Әлімбетова, тілші Әсел Қуаныш, программист-оператор Назгүл Әлиева жемісті еңбек етуде.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған қонақтар аудандық «Мойынқұм таңы» газеті редакциясы әзірлеген көрмені асықпай тамашалап, назар аударды. Қонақтарға көрме жұмысын газеттің бас редакторы Есет Досалы таныстырып өтті. Облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы газет қызметкерлерімен тілдесіп, қолына газетіміздің 26 мамыр, 2026 жылы жарық көрген жаңа нөмірін ұстап, парақтап көріп шықты. Қазақтың дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың ауданға келген сәтінен суреттерді, редакция ұжымы әзірлеген стендті қызыға тамашалады. Ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев та, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те газет ұжымын құттықтап, ризашылықтарын білдірді. Редакция тойына мұндай назар бөлінуі – «Мойынқұм таңы» газеті редакциясына көрсетілген жоғары құрмет деп есептейміз. Көрмені аралаған құрметті қонақтарға редакция ұжымының атынан алғысымызды айтамыз.
Бұл киіз үйге Ғалия Шубаева басқаратын аудандық кітапхана ұжымы да көрме дайындаған еді. Олардың әзірлеген көрмесі де Жамбыл Жабаев, Жазылбек Қуанышбаев, ауданнан шыққан жазушы, ғалым, қайраткерлерді тегіс қамтыған маңызы жоғары көрме болғанын ерекше атап өткіміз келеді.
Той тағылымы: театрландырылған көрініс
Мұнан соң Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған мәртебелі қонақтар сахна алдында 250 кісі еркін сиятын шатырдағы арнайы орынға жайғасты. Мұнда өзге де қонақтарға және той көруге келген барша ақсақалдар мен әжелерге жайлы орындықтар әзірленіп, жағдай жасалды.
Жиналған көпшіліктің назарына Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық драма театры актерлерінің және облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен театрландырылған көрініс ұсынылды. Бұл көрініс көпшілікті тарихтың тереңіне тартып әкетті. Сонау 1465 жылғы оқиғалар, қазақ батырларының өздеріне қарсы елдермен шайқасы, нағыз ержүрек азаматтар сынға түскен майданда қазақ батырларының жеңісі көрініс тапты. Соның нәтижесіне Керей мен Жәнібектің ынтымағы мен бірлігімен Қазақ хандығы дәл осы Мойынқұм топырағында құрылғаны әдемі көрініс тапты.
Әйгілі шопан, еңбек адамы, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмірге келуін бейнелеу сәті өте сәтті шықты. Қойнауы құтқа толы мынау топырақ осындай қайталанбас дара тұлғалардың жарық дүние есігін ашуымен де ерекше екені рас. Оқиғалар елді жалықтырмай жылдам жалғасып жатты. Артынша сахнаға қос алтын жұлдызын таққан Жазылбек Қуанышбаев атамыз көрініс берді. Қойылым бойынша ол кісі жастарға батасын беріп жатты.
Бұл театрланған көріністе ауданымыздың құрылған сәті, ауданды алғаш басқарған азаматтар, алғаш тер төккен еңбеккерлер назардан тыс қалған жоқ. Ауданның алғашқы бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтің де осы тұста есімі аталып, үлкен экран арқылы сол жылдардағы еңбектері көрініс тапты.
Той қызығы:
Жұлдызды әншілер концерті
Театрландырылған көрініс аяқталған соң, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі, есімі республикаға белгілі Құрмаш Қуанышбаевтың «Жаса, жаса Жамбылым!» әнімен сахнаға «жарқ» етіп шығуы көпшілікке ұрпақтар сабақтастығы секілді тамаша жылы әсер қалдырды. Кешелері атасы кеудесіне қос жұлдыз тағып жүріп, мынау сайын даланы төлге толтырса, бүгін немересі сахнаны әнге толтырды. Мұнан соң Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асылхан Шүңіреков, Ержан Ыдырысов және белгілі әнші Ноян Сейділдаевтан құралған «Тараз» триосы әннен шашу шашты. Әсіресе, осы орындауда ақын Саламат Омаштың сөзіне жазылған жерлесіміз, сан қырлы өнерпаз Уәлихан Жайлаудың әні «Мойынқұм – құтты мекенім» әні шырқалғанда батырдың киіміндегі актерлер қылыш, садақтарымен түрлі көріністер жасаса, өнерлі қыздар түрлі қимылмен әннің ажарын аша түсті. Бұл ән туған жерге деген қандай құрмет және махаббатпен жазылса, мойынқұмдықтардың бағалауы сол сезімдерге лайық болды. «Тараз тарту» төрттігі шырқаған әндер де қонақтардың көңілін дөп басып, жүректерге жетті.
Сахнаға елімізге танымал «Жігер» тобы шыға келгенде көрерменнің қуанышқа кенелгені анық. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ән әлемінің жарқыраған жарық жұлдызы Досымжан Таңатаров сахнаға көтерілген кезде қонақтар мен мойынқұмдық жұртшылықтың әйгілі әншіге деген құрметі өте жоғары болды. Табиғаты қарапайым Досымжан да бірнеше ән орындап, көпшіліктің алғысына бөленді. Әйгілі әншінің орындауындағы туған жер тақырыбына қатысты әндер, халық әні «Құралай» көпшіліктің көңілін дөп басып, баршаны қуанышқа бөлегені анық. Осы тұста ғаламат дарын иелерін той қонақтарымен және мойынқұмдықтармен қауыштырған демеушілерге, туған жерге деген құрметі бөлек азамат, ғалым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықовқа көпшіліктің атынан үлкен алғыс айтсақ артық емес. Сонымен қатар, елге есімдері белгілі Ерлан Орынбасар мен Баян Нұрмышева, Мәлік Жамбылұлының орындауындағы әндер де көпшіліктің талғамынан шықты. Тіпті, көршілес Өзбекстан мемлекетінен де әзіл-сықақ театры да келіп, көпшілік назарын өздерінің шеберліктерімен баурап, күлкіге кенелтті. «Топжарған» этно мәдени орталығының да өнері көпшілікті тәнті етті. Осылайша, Этно ауыл төріне құрылған сахна сәт сайын жұлдыздарды халықпен қауыштырып, ал халық тамаша өнерге куә болып, тойдың қызығы таусылмады. Осынау ұзаққа созылған тамаша концертімен де бұл күн әрқашан ұмытылмайды.
Той барысында қой көтеруден де жарыс өтіп, қойды ең көп көтерген азамат Азамат қойды және 100 мың теңге қаржылай жүлдені ұтып алды.
Той қызығы:
Балуандар күресі
Осынау қос тойдың тағы бір қызықты сәті – қазақ күресінен өткен республикалық түйе балуандар күресі болды. Бұл бәсекеге еліміздің әр аймағынан 22 балуан қатысып, бақтарын сынады. Әрине, ол балуандардың баршасы да осал емес. Бәрі өз өңірлерінде, өз облыстарында бас жүлдені жеңіп алып жүрген нағыз күрес майталмандары. Бұл балуандар күресіне қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Руслан Мұхамедқалиевтың төрағалық жасағанын айта кеткен жөн. Балуандардың баршасы мықты. Бірінен бірі өтеді. Әсіресе, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпаз –жүлдегерлері қызылордалық Еламан Ерғалиев пен тараздық Ғалымжан Қырықбайдың қатысуы жарыс көркін қыздырғаны анық.
Сыр бойынан келген Еламан Ерғалиев алғашқы қарсыластарын тегіс айқын жеңіп, жартылай финалда шымкенттік Ерсұлтан Мұсапаровты ұпай санымен ұтты. Ғалымжан Қырықбай ширек финалда есімі республикаға белгілі Азат Рысбекті айқын басымдылықпен ұтса, жартылай финалда таластық Айдар Бескемпірді 4 минутқа жетпейтін уақытта таза жеңді. Финалдық шешуші белдесуде тараздық Ғалымжан Қырықбай мен қызылордалық Еламан Ерғалиев өнер көрсетті. Көпшіліктің күткені де осы кездесу еді. Аса қызықты өткен финалдық бәсекенің бел ортасында Ғалымжан Қырықбай қарсыласының қапысын тауып таза жеңді. Осылайша, облысымыздың балуандары Жаз-ата тойында намысты қолдан берген жоқ. Қарсыласы кілемге шықпағандықтан, үшінші жүлде үшін Айдар Бескемпірдің қолы көтерілді.
Бұл жарыс жеңімпазы Ғалымжан Қырықбайға 2 миллион теңге, екінші жүлде иегері Еламан Ерғалиевке 1 миллион теңге, үшінші жүлдені ұтқан таластық Айдар Бескемпірге 700 мың теңге жүлде берілді.
Той қызығы:
құнан бәйге, аламан бәйге
Той қызығын көруге жиналған көпшілік мұнан кейін де тарап кеткен жоқ. Құнан бәйге мен аламан бәйгенің қызығын тамашалады. Өз облысымыздың барлық аудандарынан бөлек Қарағанды, Алматы, Жетісу облыстары да жүйріктерін баптап әкелген екен.
Бәйге басталар сәтте аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов сөз сөйлеп, көпшілікті құттықтап, шабандоздарға жеңіс тіледі. Сондай-ақ, ауданға сыйлы ақсақал Қойайдар Бердіғұлов бата берді.
Ат жарысына облыстық ат спорт федерациясының өкілі Жолдас Бозғұлов бас төрешілік жасаса, аттың қыр-сырын жақсы білетін білікті төреші Талғат Ғасыр бастаған төрешілер де әділдікті ту етті.
Әуелі 24 жүйрік қатысқан құнан жарыс өтті. Бәйге – әр қазаққа желік бітіреді, ат – ер қанаты. Бұл жолы да біз тақымы мықты, батыр балалардың атқа шапқан өнеріне куә болдық. 12 шақырымдық бәйгеден Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылының Ербол Парманқұловтың құнаны бірінші келді. «Ақ моншақ» атты жүйрік құнанмен шапқан шабандоз бала – Нұрасыл Таңат. Екінші болып балқаштық Бақытжан Хамзиевтың «Тарлан көк» атты құнаны келді. Шабандозы – Әли Бақтияр. Мәре сызығын үшінші болып қордайлық Ернұр Әділбектің құнаны қиды. Төртінші жүлдені сарысулық Санжар Әбдіқадырдың, бесінші жүлдені мойынқұмдық Жұманазар Көдеков ақсақалдың құнаны ұтып алды. Құнан жарыстың жеңімпазына 1 миллион 500 мың теңге берілсе, жалпы 5 жүйрік жылқыға жүлде таратылды.
Ал, аламан бәйге де Шу ауданынан келген Арман Шынболатовтың жүйрік аты мәре сызығын бірінші қиса, Мойынқұм ауданы, Биназар ауылынан Тайлақбаевтар әулеті баптаған жүйрік екінші келді. Ал, үшінші жүлде Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылының жүйрігіне бұйырды. Аламан бәйгенің алды 2 миллион теңге болса, жалпы жеті жылқыға жүлде берілді. Осылайша, тойға жиналған қауым ұлттық өнердің ғаламатына куә болды.
ТҮЙІН:
Мұндай республикалық деңгейдегі тойлар тарихқа тағзым, жас ұрпаққа тағылым үшін өтеді. Екі күн бойы өткізілген тойға республикамыздың түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Қанша кісі бір- бірімен қауышты. Мойынқұмның тарихын терең зерделеген қаншама баяндама жасалды. Мойынқұмның қасиетін асқақтатқан көптеген ән шырқалды. Балуандар күресін тамашалаған жүздеген бала ертең күрес үйірмесіне барса, ат жарысты тамашалаған балалардың ұлттық спортқа жақын жүретіні анық. Екі күн бойы кәсіпкерлер сауда көркін қыздырды. Екі күн бойы той қызығын көрген халық ерекше демалды. Мойынқұм төрінде өткен талай тойлар әлі күнге айтылып жүр. Ал, бұл тойда жылдар бойы айтылып, әр өңірге аңыздай тарайтыны анық. Жоғары деңгейде өткен тойдың кең тарап айтылуы – әр мойынқұмдықтар үшін мақтаныш!