Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің халықпен кездесуі жарты жыл сайын тұрақты түрде өткізілуі көзделген. Осы орайда аудан әкімі Ермек Карентаев Қылышбай ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауыз су мәселесі, ауылдағы трансформаторлардың қоршауы, ағын су жүйесі, апатты жағдайдағы нысандар, мопедтерді тіркеу, жол белгілерін орнату және бейнебақылау камераларын қою сынды өзекті мәселелері көтерілді.
Жиынға аудан әкімдігінің тиісті бөлім және мекеме басшылары қатысып, көтерілген әрбір мәселе мұқият қаралып, жауапты сала мамандары тарапынан тиісті түсініктемелер берілді. Көтерілген сұрақтарға сол жерде нақты жауаптар беріліп, қалған мәселелер хаттамаға енгізіліп, толық шешімін тапқанға дейін бақылауда болмақ.
Аудан әкімі Ермек Карентаев Ұланбел ауылдық округінің және Қарабөгет ауылдық округі тұрғындарымен де кездесті. Кездесуде тұрғындар тарапынан бос тұрған, ауылдың көркін бұзып тұрған ғимараттарды жою, ветеринариялық пункт, ауылға учаскелік полиция инспекторы, қажеттігі ғаламтор желісі мәселелері көтерілді. Аталған округтегі кездесулерге де аудан әкімдігінің тиісті бөлім мен мекеме басшылары қатысып, әр мәселеге кеңінен түсініктемелер берілді. Тұрғындардың айтқан әр ұсынысына жауап қайтарылып, кейбірі нақты шешіліп, уақыт өте орындалатыны хаттамаға енгізілді.
Аудан басшысы Ермек Амангелдіұлының халықпен кездесуі Мойынқұм ауылында да өтті. Әуелі аталған округтің әкімі Рүстем Тұрарқұл тұрғындардың алдында қысқаша есеп берді. Аудан әкімі Ермек Карентаев аудан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, биыл 6 ауылға таза ауыз су құбыры тартылып жатқанын, аудан орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы жөнделетінін айтты. Соңғы жылдардың жемісі ретінде Айдарлы ауылында салынған клуб, спорт кешенін атап өтіп, Күшаман ауылында клуб, спорт кешені салынатынына тоқталды. Мойынқұм ауылында сиырлардың көшеге қараусыз шығып кеткенін ескертіп, оны бағатын бақташы ұйымдастыру керектігіне ел назарын аударды. Мұнан соң сұрақ жауап кезінде ауыл тұрғыны Серғазы Қылышбаев көшелерді абаттандыру туралы айтса, аудандық мәслихаттың депутаты Бекболат Өткелбаев аудан орталығына тартылған ауыз су құбыры сапалы болса екен деген ұсынысын жеткізді.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев ауылдың тазалығына мән берілсе, «Құлыншақ» бөбекжай бақшасының ғимаратына жөндеу жүргізілсе деді. Полиция саласының ардагері Жетібай Құлтаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтса, аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов жаз айларында Мойынқұм ауылының көшелеріне таңертең арнайы көліктер су шашып өтсе деген ұсынысын білдірді. Аудан әкімі айтылған ұсыныстар ескеріліп, мәселелер шешімін табатынын жеткізді.
Аудан әкімі Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесті. Кездесу сұрақ-жауап түрінде өтті. Ауыл тұрғыны Әуез Мұсабеков жаз айларында ағын судың аз болатынына алаңдаса, ардагер Марат Байқонысов тұрғындарға жеңілдікпен әлеуметтік ұн берілсе деді. Ауыл тұрғыны Гүлжаһан Бөлтекова балалар алаңшасы салынса деген тілегін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков, «Қазсушар» мекемесі аудандық филиалының төрағасы Бәкен Тұрарқұлұлы ағын су туралы сұрақтарға жауап беріп, округ әкімі Ақсана Қалыбаеваның жұмысын оң бағалады. Жиынды аудан әкімі Ермек Карентаев қорытындылап, барлық көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, алдағы уақыттағы ірі жоспарларымен бөлісті.