Мойынқұм таңы

Мал өсірсең, түйе өсір, табысы оның көл – көсір

0 3

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубековтің төрағалығымен ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бірқатар мемлекеттік бағдар­ламаларды түсіндіруге қатысты жиын өтті. Жиынға облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасынан және жауапты құрылымдардан өкілдер қатысты.

Аудан әкімдігінің жауапты бөлім басшылары, БАҚ өкілдері, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық төрағалары қызығушылық танытқан жиында облыс әкімдігі ауыл ша­руашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов 7,5 жылға берілетін несие жөнінде баяндап, оның талабы мен тиімділігіне тоқталды. Сүтті және етті мал ұстау бағытында да несие алуға мүмкіндіктер бар, тек кооперативіңе 5 адам мүше тартуың қажет, ол кісілер сенімен бірігіп жұмыс істеуге ынталы болулары тиіс. Ал, түйе өсіруге ниеттенгендерге кооперативке 5 адам жинау деген талап жоқ, етті және сүтті бағытқа да несие беріледі. Біздің түсінгеніміз түйе өсірушілерге шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер туып тұр. Осы тұста «Мойынқұм сүт» кооперативінің төрағасы Ақылбай Баялиев облыстан келген жауапты өкілдерге сұрағын қойды. «Кез келген мемлекеттік бағдарламаға құжат жинау қиын шаруа. Үш жыл құжат жинақтап несие ала алмай жүрмін. Енді құжатым реттеле бергенде талап өзгеріп кетеді. Мұндай талаппен көсегеміз көгермейді. Мәселен, кооперативке 5 мүше тарт дейсіздер. Ол 5 адамның маған сүт өткізіп, маған тәуелді болып жүргілері келмейді. Сонда мен сүтімді қайда өткіземін. Онан соң 30 миллион несиенің 15 миллионына құрал жабдық алыңдар деген талап біздің ауданға келмейді. Бізде Жуалы ауданындағыдай тәулігіне 2 мың тонна сүт өңдеп отырған алып зауыт жоқ. Тәулігіне 150-200 литр сүт жинасақ жақсы, оны 1 миллион 500 мың теңгелік шағын қондырғылармен де өңдеуге болады. Қысқасы, несие берілер кезінде шаруаларға қолайлы жағдайды қарастыра отырып берілсе» деген ұсынысын айтты. Осы ұсынысты Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Мұқашев те, бал өсіруші шаруашылық өкілдері де жеткізді.

Сонымен қатар жиында «Аграрлық-кредиттік корпарациясы» облыстық филиалының өкілі Жансерік Оразбай «Игілік және береке» мемлекеттік бағдарламасының талаптары туралы түсіндіріп өтті. Дегенмен, бұл бағдарламаның талаптары аса ірі шаруа қожалықтарға болмаса, ісін жаңадан бастаған көптеген шаруашылықтарға қолайлы емес екені белгілі болды. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков қорытындылап, қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.